КСРО Халық әртісі Ермек Серкебаевтың есімі  Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің Үлкен концерт залына берілді. Бұл туралы juldyz.kz порталы хабарлайды.

Бастаманы колледж директоры Біржан Хасанғалиев ұсынған.

«Әр оқу орны өзінің талантты түлектерімен мақтанады. Алматы музыкалық колледжінде Құддыс Құжамьяров, Әлібек Дінішев, Нағима Есқалиева сынды Қазақстан мәдениетінің дамуына үлес қосқан танымал адамдар оқыған. Сол түлектердің ішінде Ермек Серкебаевтың орны бөлек. Біз Үлкен залға Ермек Серкебаевтың есімін бере отырып, оған деген құрметімізді танытып қана қоймай, жас ұрпақтың өнер жолына жарық шам жақтық деп ойлаймыз», — деді Біржан Хасанғалиев.

Үлкен залға Ермек Серкебаевтың есімін беру салтанатты жиынына КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, ҚазССР Халық әртісі Ескендір Хасанғалиев және Ермек Серкебаевтың ағайын-туыстары қатысты.

«Осы шараны ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Ермек өз халқының әншісі болды. Біздің мәдени деңгейімізді биікке көтерген адам. Колледждің әр оқушысы осы ғимарат қабырғасында дарынды адамдар оқығанын мақтан тұтады деп ойлаймын», — деді ҚР Халық әртісі Мұрат Серкебаев.

Пікір қосу