Биыл да еліміздің бірқатар облыстарында көктемгі еріген қар суы әбігерге салды. Көптеген баспаналар су астында қалып, адам шығыны да жоқ емес. Ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша 154 тұрғын үй (Ақмола – 72, Қарағанды – 44, Қостанай – 26, Шығыс Қазақстан – 9, Ақтөбе– 3) және Ақтөбе облысында 644 саяжай үйлері су астында қалып отыр.  Қазір республика бойынша гуманитарлық көмектер жасалып жатыр. Қайырымдылық шарасынан эстрада өкілдері де сырт қалған жоқ.

меруерт

Меруерт Түсіпбаева — әнші, актриса:

Қайырымдылық жасау — жарнамалайтын нәрсе емес. Мұндай іс жарналамаланбауы керек. Мен Көкшетау облысындағы Рузаев ауданындағы бір отбасына көмектестім. Олар үйін жоғалтып алған болатын. Одан кейін кітап үшін жылап тұрған бүлдіршіннің видеосын көрдім. Бұл мені қатты толқытты. Өйткені, қазір кітап үшін жылайтын балаларды, жастарды сирек  кездестіремін. Мені қатты толқытқаны — бүлдіршін сұхбат барысында қирап қалған үйі, басқа да әлеуметтік проблемаларды айтқан жоқ. Тек кітаптары туралы айтты. Елімізде соңғы жылдары топан судың бас ауруымызға айналғанын  түсінемін. Оларға мемлекет тарапынан көмек те болып жатыр. Мен өз тарапымнан жоғарыда аталған ауыл мен ақтөбелік бүлдіршінге көмектестім.

Сол бүлдіршіннің кітап үшін жылағанының қатты әсер еткенінің бірі мүмкін мынадан шығар: Мен өзім кітап оқитын отбасыда өстім. Кітапты да көп оқитынмын. Ол кезде елімізде кітаптар аз болатын. Ұзақ уақыт іздеп жүріп, анам маған бүкіл ауылды аралап, ескі жыртылған жерлері бар әліппе тауып әкелді. Оны реттеді, кеткен жерлерін бүтіндеп берді және ата-анамыз бізге: «кітапты ұқыпты ұстаңдар, оны сендер ғана оқымайсыңдар, сендерден кейін де көп балалар ұстайды», — дейтін. Қазір жағдай өзгерді. Мәселен, менің балам кітабын жоғалтып алса, орнына басқа кітап сатып алып қоямын. Балам кітап үшін жыламайды.

Ал кітаптары суға батып кетіп, жоғалтып алғаны үшін жылаған қызды көрген соң, мен 1 мамыр күні кітаптарды оған апарып беретін болдым. Менің фейсбуктағы жазбамды көргеннен соң «Атамұра» баспасы бірден маған хабраласты. «Келіп кітаптарыңызды алып кетіңіз», — деді. Сондықтан, оларға үлкен алғысымды білдіремін. Бірақ, мен одан басқа да классикалық кітаптар, М.Әуезовтің «Абай жолы», Абайдың қара сөздері және жыраулардың жырлары жинақталған кітаптар алдым. Сол үшін Ақтөбеге 1 мамырда арнайы барамыз және тегін концерт береміз.

Досымжан Таңатаров — әнші:

Иә, бұл жағдайға жаным ауырды. Өзім де қайырымдылық шараларына атсалыстым. Атбасар, Ақмола, Ақтөбе облыстарына киви-кошелек арқылы ақша аудардым. Атбасарға материалдық, яғни, заттай көмек бердім. Әлеуметтік желілерге ақпарат көптеп таралсын, адамдар көмектессін деп бұл туралы да жаздық.

Салтанат Бақаева — актриса, «Арнау» тобының мүшесі:

Біз баспанасы суға кеткен халықтың жағдайын естіп, білгенімізбен, олардың жай-күйін ет жүрегімізбен сезіне алмаймыз. Өйткені, керегеміз бүтін, туған-туыстарымыз аман-есен. Бірақ, Ақтөбеде тұрған достарымыз бар, солардың жағдайы жақыс емес. Олар үшін қатты уайымдадым. Біз театр ұжымы болып, жалақымыздың белгілі бір пайызын аудардық. Мұны театрымыздың актері Бекжан Тұрыс ағамыз ұйымдастырды. Біз бұл ойын қостадық.

Пікір қосу