Бүгін таңертеңгі Бейжін-Астана рейсімен туған еліне «I am a singer» атты Қытайдағы танымал телевизиялық байқауында тамаша өнер көрсеткен Димаш Құдайберген келді. Астаналық әуежайда оны ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, композитор Лұқпан Жолдасов, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров, «Қазақ әуендері» АҚ президенті Асхат Маемиров қарсы алды. Мұндай ақпаратты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі таратты.
Туған елінде оны жақын адамдары – ата-әжесі, туыстары, сонымен қатар Бейжіннен үш сағат бұрын ұшып келген анасы тағатсыздана күтті.Әуежайдан шыға берісте Димашты ду қол шапалақпен, достық лебізбен курстастары күтіп алды. Димаштың достарын сағынғандығы бірден көрініп тұрды. Ол барлығымен жеке амандасып, біреуін де назарсыз қалдырмады. Олар алаңда ұзақ әңгімелесіп, көпке дейін тарамай тұрды.Кәсіби әншілердің ірі байқауындағы Димаштың жарқын өнері Қытай көрермендерінің алып аудиториясын бағындырып, таң қалдырды. Димаштың есімі барша әлемге танымал бола бастады.Ол көп миллиондық көрермендердің жүректерін ерекше дауысымен, біртума дарыны, еңбекқорлығы және ерекше қарапайымдылығымен баурап алды. Оның жанкүйерлері тек Аспан асты мемлекетінде ғана емес, бүкіл дүниежүзінде де баршылық.Ол ұзақ та, күрделі музыкалық марафонда абыроймен өнер көрсетті. Барлық он төрт кезеңде Димаш байқау көшбасшыларының қатарында болып, «I am a singer» атты шоудың екінші жүлдесін жеңіп алды.Қытайдағы ең танымал телеарналарының бірі болып табылатын CCTV қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге жаңа қытай фильміне саундтрек орындағаны үшін «Top Global Chinese Music» жүлдесін табыс етті.Айта кетейік, «I am a singer» байқауына қатысу барысында Димаш «Азиялық Грэмми» деп есептелетін беделді Top Chinese Music Awards жүлдесінің «Азиядағы ең танымал әнші» номинациясының иегері атанды.