Отандық «Бір сен үшін…» атты жаңа туынды жуырда ел назарына ұсынылады, — деп хабарлайды juldyz.kz порталы.
Киноның режиссері — Ардақ Төлеубай. Өз туындысы туралы режиссер:
«Назарларыңызға менің кино әлеміндегі алғашқы қадамым, жұмысым ұсынылып отыр. Бәріңізді 27 сауірден бастап Кинотеатрлардағы көрсетілімге шақырамын! Тақырып қазіргі таңдағы өте өзекті отбасылық мәселелерді қамтыған. Қазіргі жігіттер бұл киноны көрсе ойланып қалады деп ойлаймын. Жігіт қаншалықты жанұясына ие бола алады, түрлі қиындыққа жолыққанда жанұясын қалай сақтап қалады деген мәселелер көтерілген. Қалай болғанда да мен бұл жұмысқа бар жанымды салдым. Командамыз үлкен жұмыс атқарды: ыстығына да, суығына да шыдады! Жүректен шыққан дүние жүректеріңізге жетсе қуанышты боларым хақ. Кино әлемінде кездескенше достар», — дейді.
Режиссердің айтуынша, фильм негізінен Алматы қаласында, Алматы төңірегінде, өткен жылдың жаз маусымынан бастап түсірілген. Қазіргі уақытта монтаж жұмыстары аяқтап, премьераға қызу дайындық жүріп жатыр.
Фильмнің басты рөлдерін Азамат Сатыбалды, Зарина Кармен, Айжан Байзақовалар сомдаған.
Фильмнің саундтрегін әнші Ұшқын Жамалбек орындайды.
Айта кетейік, фильмнің тұсаукесері Алматы, Астана, Қостанай, Шымкент қалаларында жоспарланып отыр.