Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облысында халықаралық «ДАИШ» террористік ұйымына қатысты бар деген 11 адам ұсталды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті ішкі істер органдарын тарта отырып аталған екі облыста арнайы операция жүргізген. Бұл туралы ҰҚК-нің ресми сайтында хабарланған.
«Қазақстанда тыйым салынған «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымын қолдауға шақырғаны және оларға қатысты материалдарды таратқаны үшін 4 радикалды топтың іс-әрекеті бейтараптандырылды.
Террорризмді насихаттау және діни алауыздық тудыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары шеңберінде 11 адам ұсталды.
Олардың тұрғылықты жерлері бойынша тінту, куәлардан жауап алу және басқа да тергеу амалдары жүргізіліп жатыр». – дейді ҰҚК баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда ғана президент Н. Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездескен болатын. Елдегі діни ахуалға тоқталып: «Діни сауатсыздығының нәтижесінде жастарымыз сақал қойып, шалбарының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, беті-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді»- деген еді мемлекет басшысы.