КЕЙДЕ МИДЫ ДА «АЛДАУҒА» БОЛАДЫ

– Әлия, әдетте ақындар бала кезінен өлеңге бейім болғанын, мектеп қабырғасынан бастап қалам ұстағанын айтып жатады. Өзің өлеңге қалай келдің?

– Адамға тағдырдың ауыр соққылары тиген сайын жаны жараланады да, соның емін іздей бастайды. Мұндайда біреулер өзін іздеп табады, енді біреулер түбегейлі өзін жоғалтып алады. Кейде үлкендер өз-өзіне қол жұмсаған жастарды түсінбей, сөгіп жатады. Анығында, олар жолыққан кедергілерден аттап өте алмады. «Өмірдің аяқталған жері осы екен» деп ойлады. Мұны саналы түрде түйсіне білу керек. Өзім осындай ауыр соққылардан жанымды емдеу үшін жыр жазамын. Әр адамның дауасы әртүрлі болады. Менің жанымның емі – Өлең!

Мен бала кезімнен өзімді әр саладан іздедім. Бастапқыда сурет салдым. Оны ешкімге көрсетпегенім болмаса жап-жақсы салатынмын. Кейіннен мұны қойып кеттім. Өйткені, өлең мен сурет бір бойға қонуы қиын болар деп ойладым. Сосын өлең қонды, мұны тәңірдің сыйы деп білемін.

– Қанша жасыңнан бастап өлең жаздың?

– Бала кезіңнен оқыған дүниелерің ішіңе қор болып жинала беретін сияқты. Ал оның қағазға өлеңге айналып түсуі әр ақында әртүрлі. Мысалы, біреу 30 жасында өлең жазуды бастаса, енді біреу қартайған шағында қалам ұстауы мүмкін. Меніңше, бұған таңданудың да қажеті жоқ. Өйткені, өлең – сіздің ырқыңызға көнбейтін құдірет. Өзім өтпелі кезеңде өлең жаза алатынымды байқадым. Оған дейін ауданның кітапханасынан шықпай үздіксіз ізденісте болдым. Бір қызығы, өзім құралпытас балалар асыр салып ойнап жүргенде, мен кітапханада отыратынмын. Екінші сыныптан бастап кітапханаға жиі баратын болдым. Он жасқа толмаған балада қандай бір жүйелі оқу болады дейсіз. Қолыма түскен кітапты талғамай, сұрыптамай оқи бердім. Өз-өзімді танып іштей қалыптаса бастаған кезде кітапты талғап оқитын болдым. Қазір де өзіме, өлеңіме не керек соны іздеп оқимын.

– Кітап оқуыңа байланысты қандай қызық оқиғалар есіңде қалды?

– Бір күні мұғалім: «Т.Айбергеновтің «Бір тойым бар» деген өлеңін тауып, жаттап келіңдер», – деп тапсырма берді. Ол кезде Төлегеннің атын естігенім болмаса шығармашылығымен әлі таныс емес едім. Сонымен, кітапханаға барып, іздеген кітаптарымды таптым. Үйге келген соң әлгі кітаптардың ішінен «Бір тойым бар» деген өлеңді іздеп таба алмадым. Содан апамнан сұраймын ғой. Ол кісі қолымдағы кітаптың сыртына үңіліп: «Мынау Ә.Тәжібаевтың кітабі ғой. Ал «Бір  тойым бар» – Т.Айбергеновтің өлеңі», − деді. Бір қарағанда осы екі ақынның шаш үлгілері ұқсап қалады ғой. Бәлкім, содан болар Т.Айбергенов пен Ә.Тәжібаевты шатастырып алыппын. Қазір ойласам, мұның себебі былай екен. Адам миына қандай бұйрық берді, ми соны ғана орындайды. Мысалы, мен Т.Айбергеновті Ә.Тәжібаев деп миыма сіңірдім, кітапханадан Ә.Тәжібаевтың кітабын алдым. Ары қарай біреуден анығын сұрағаным жоқ. Көрдіңіз бе, кейде миды да алдауға болады. Ми екі түрлі ақпаратты қабылдайды. Өзіңнің бұйрығыңды және сырттағы қоғамның пікірін, қайсысы алдымен миыңа жетті, сол миыңда тұрақтап қалады. Сіздің сұрағыңызға қарай кітапқа байланысты тағы бір қызық оқиға есіме түсіп отыр. Уақыт өте келе кітапқа деген түсінігім қалыптаса бастады. Енді бұрынғыдай жолыққан кітапты емес, қажеттісін ғана іріктеп оқитын болдым. Ол үшін алдымен өзіме керек ақындардың тізімін жасадым. Бірақ, Т.Әбдікәкімұлының кітабына тапсырыс беріп ала алмадым. Біздің ауданның кітапханасының қоры өте көп, іздеген кітабыңның бәрі табылады. Өкініштісі, кітап оқитын адам аз болған соң көптеген құнды кітаптар сөрелерде сіресіп тұрып сарғаяды. Сөйтіп, Тыныштықбек ағаның кітабын өзім іздей бастадым. Ақыры «ә»  фамилиялы кітаптардың арасынан, сөренің ең астыңғы жағынан «Ақшам хаттары» деген кітаптың он бес данасын тауып алдым. Сырты ақшыл кітаптың парақтары бір-біріне жабысып сарғайып кетіпті.  Ешкімге керек болмаған соң баспадан әкелген бойы жинап қоя салған. Тіпті кітаптардың біреуі екіншісіне жабысып қалыпты. Бір данасын ажыратып алғанымда шаң бұрқ ете қалды. Ал мен іздеген кітабымды тапқаныма қуандым, алғашқы оқырманы болып әлгі кітапты жаздыртып алдым. Кейін әр келген сайын «ешкім оқымапты» демесін деп он бес кітапты кезек-кезегімен жаздырып оқыдым. Кітапханашы апайлар «Әлия жазылған дайынын неге ала бермейсің?» десе, көнбей жаңасын жаздырып алатынмын.

БҮГІН ӨЛЕҢ ЖАЗЫП ЕШКІМДІ ТАҢҒАЛДЫРА АЛМАЙСЫҢ

– Кейде поэзияның төңірегінде көптеген таласты пікірлер айтылып жатады. Сен үшін өлең деген не?

– Адамның өмірге келуінің өзі − өнердің нәтижесі. Әр адам – Жаратқанның туындысы. «Он сегіз мың ғаламның өзі адамның игілігіне арналған» дейді. Демек, өнер – табиғатпен адамның қосындысы. Жоғарыда сурет өнеріне әуестенгенімді айттым ғой. Суретшілер де көргенін салады. Пикассо: «Елестете алғанның бәрі − шындық» дейді. Әлдебір дүние туралы миымызға бұйрық берсек, біз соны санамызда елестете аламыз. Шындықтың өзі – осы. Менің ойды қабылдауым өзгеше. Әдетте мамандар адамдардың миын екі жарты шарға бөліп (оң және сол) «бір жағы ғана өнімді жұмыс істейді» деп түсіндіреді. Менің миымның екі жағы да жақсы жұмыс істейтін сияқты (күлді). Өйткені, біреу маған жақсы сөз айтса мен оның екінші жағын (яғни, қатерін) ойлап отырамын. Бастапқыда бұдан күдіктеніп, ойларымды тежейтінмін. Мұндай мінезімді байқаған анам да: «Сен олай ойлама, «жақсы сөз жарым ырыс», – деп ақылын айтатын. Бірақ, мен анамның бұл сөзіне де «жаман айтпай жақсы жоқ» деп қарсы балама тауып алатынмын. Мұның артықшылығы қандай да бір жақсылықтың артында, астарында аз да болса жамандықтың болатынын алдын ала біліп тұрамын. Әрі өзімді бала кезімнен сондай соққыларға дайын болуға тәрбиеледім. Жақында бір сұхбатымда: «Менің ойларым түнде шулайды», – дедім. Бұл пікіріме қарсы дау айтқандар да болды. Бәлкім, басқалардың ойы түнде тынығатын шығар, ал менің ойым расында да түнде шулап, жаныма маза бермейді. Түні бойы санамда шөл далада сапар шеккен керуендей алуан-алуан ойлар көшеді. Асау ағыстай жөңкілген ойлар жететін жеріне жетпей тынбайды, маған да ондай кезде ұйқы жоқ. Ұйқысыз түндер жиі қайталанады. Мұндайда «ойыңа оралған дүниелерді жазу керек» деп жатады. Бірақ, мен сол ойларды ұстай алмаймын. Шынында, дәрігерлер біздің тәнімізді ғана емдей алады. Ал жанымыздың емін өзіміз іздеп табуымыз керек. Әркімнің жан ауруының емі өз ішінде болады. Сол үшін адам өзін-өзі зерттеп, өз бағасын білуі керек.

– Өзің секілді жас ақындар көп қой… Сенің олардан қандай ерекшелігің бар?

Сөзіңіздің жаны бар, қазір жас ақындар көп, олардан артықшылығым – менің болмысым, мінезім. Бұл екі қасиет адамның бәрінде бар, яғни, Өлеңдегі болмыс пен мінезді айтып отырмын. Мен қолдан иіп өлең жасаған жоқпын немесе қолдан тағдыр жасамадым, өзімде не бар соны қаз-қалпында қағазға түсірдім. Әрі осы болмысымнан айнымаймын.

– Қазіргі түрлі сайттар мен әлеуметтік желілер жас ақындардың санын арттырып, сапасын жоғалтып жіберген жоқ па?

– Жақында бір қаламгер ағамыз: «Қазір шынайы ақын жоқ, «ақынмын» деп жүргендердің бәрі интернетті жағалаған балалар», – деп айтты. Бұл пікірге бастапқыда едәуір шамырқанып қалдым. Кейіннен ойлансам, ол кісінің айтқаны дұрыс сияқты. Қазақ – тумысынан сөзге үйір халық. Екінің бірі екі ауыз өлең құрап айта алады. Сондықтан, бүгін өлең жазып ешкімді таңғалдыра алмайсың. Кезінде ақындар бір өлең жазса газет-журналға ғана жариялады. Ал қазіргі жастар бір шумақ өлең жазса қоярға жер таппай әлеуметтік желілерге жариялағанша асығады. Бұл әрине, шын таланттардың танылуына үлкен мүмкіндік. Дегенмен, мұның аяғы «шөпте өлең, шөңге де өлеңге» алып келеді.

ӨЛЕҢ МЕНІ ӨЗІ ІЗДЕП КЕЛДІ

– Әдебиетте жас буындардың өзін зор санауын немесе алдыңғы толқынның кейінгі буынға көңілі толмауын қалай түсінесің?

– Әдебиет тарихын аға буын өздерінен аяқтатқысы келеді. Және  жас буынға көңілі толмайды. Бұл, әрине, қалыпты әрі кешірімді нәрсе. Ал жастар әдебиетті өздерінен бастағысы келеді. Енді, бұл –мүмкін емес дүние. Біз қалай болғанда да аға буынның қадірін білуіміз керек. Кейде жастардың жастық мінезіне кешіріммен қарағанымыз да жөн сияқты. Өйткені, олар жастықтың алып-ұшқан көңілін баса алмай, көкке де ұша алмай, жерге де қона алмай өмірінің қайталанбас айшықты сәттерін кешіп жүр. Егер сен шынында талантты ақын болсаң қолыңнан не келеді бәрін жаса, оқырманға ұсын. Алайда, бойыңда таланттың жылтылы жоқ болса мұның бәрі бос әурешілік. Құдай сыйлаған талантына сеніп желпініп жүргендерді де, ақын болғысы келіп құлшынып жүргендерді де жақсы білемін. Анығы, ақындық сені өзі іздеп келуі керек. Өлең мені өзі іздеп келді және мен оны үлкен жауапкершілікпен өмірлік сертім етіп қабылдадым!

– Шығармашылық адамдары үшін Алматының орны ерекше, әсіресе ақындар Алматыны көп ойлайды. Сонда барса бағы ашылып даңғыл жолға түсетіндей сезіледі. Алматы саған қалай әсер етті? Қиялыңмен қабыспайтын кереғар сезімдер болды ма?

– Көп ақындар Алматыға келген соң екіұдай сезімнің отына күйіп, не істерін білмей дағдарып қалады. Мен ешқандай өтірік нәрсені елестетпейтінмін, өзім ойлаған Алматы тура осындай еді. Көп ақындар болмайтын дүниені армандап және үміті ақталмағаны үшін көңілдерін суытып, жүректерін жаралайды. Ал мен «Алматының көшелерінде ақындар жүреді, әр терегі сыңсып ән айтып, әр тұрғыны өнерді жүрегімен түсінеді» деп ойлаған жоқпын әрі сондай болды. Сондықтан, Алматыдан суынып, оған өкпелеген жоқпын. Керісінше, Алматы маған осы қалпымен ұнайды. Біздің ауыл Алматыға жақын болғандықтан, қонақ болып жиі келетінмін. Айына бір рет келмесем, елеңдеп тұрамын. Бір ғажабы Алматыдан кетерде үнемі жауын жауатын. Бір күні Алматыға келе жатсам ақын досым хабарласып: «Алматыға келе жатсың ба?» дейді, «Иә», – десем, «Бәсе жаңбыр жауғалы тұр», – дейді. Сөйтсем, мен Алматыға келген сайын жаңбыр жауады екен. Досым: «Алматыға келеріңде және қайтарыңда жауын жауады, онан да бір жола тұрақтап қалсаңшы», – деп сөзінің аяғын қалжыңға айналдырды. Досымның осы сөзі санамда сақталып қалыпты. Кейіннен:

Асқарымнан өзімді таныдым мен,

Жан дертіме бәрібір ауылым ем.

Алматы дәл осылай тұрсаң болды,

Шығарып салып, қарсы алып жауыныңмен, – деген өлеңге айналды. Әлде бір сөздің, ойдың санаңда сұлбаланып қалатынын, оның ерте ме, кеш пе, өлеңге айналатынын мен сол кезде білдім.

– Бірнеше шет тілін білесің, меңгеру қиын болмады ма?

– Бірде жол үстінде жолығып қалған көріпкел апа: «Сенің арқаң бар екен», – деді. Мен ол кісінің сөзін: «Апа, арқа адамның бәрінде бар ғой», – деп қалжыңға айналдырдым. Бірақ, апа ары қарай салмақты кейіп танытып: «Жоқ, мен сенен қобызы бар ие көріп тұрмын, түбінде ділмәр (тілмәр) боласың. Кемінде он тіл білуің керек. Не істеп жүрсің?» – деп ұрысты. Бейтаныс апаның сөзіне амалсыз сендім. Әрі өзімді қамшыладым. Қазір орыс, ағылшын, түрік тілдерін жақсы білемін, парсы тілін үйреніп жүрмін.

– Жиырма жасқа жетпей екі кітап шығардың, бұл шығармашылық жауапкершілік пе, әлде атақ шығарудың жолы ма?

– Мен үнемі «маған өзімде бары да жоғы да ұнайды» деп айтамын. Қазір менің уысымда не бар соның бәрі ұнайды. Ал менде жоқ нәрселер ол арманымдағы нәрселер, ол да маған ұнайды. Бұл сөзде бір мезгілде шүкірлік те бар, күпір айту да бар. «Неге менде ана дүние жоқ?» деп ойлап тұрам да «жоқ менде мыналар бар ғой» деп өзімді сабырға шақыра аламын. Өзімді осылай тәрбиелеп келемін. Адам дегеннің өзі тірі ағза, өзгеріп дамып отырады. Өлең де сол сияқты. Әрдайым оны қоректендіріп, дамытып отыру керек. Өлеңге қамқорлық керек. Оның жолы – оқу, ізденіс.

«Жиырма жасқа жетпей екі кітап шығарғаны несі? Ұлы Абайдың өзінен бір-ақ кітап өлең қалды» деген сияқты пікірлер айтылды. Бірақ, менің ойымша, бүгінгі дәуірге бәрі лайық, бұл ешқандай да жаңалық емес. Ішінде тұшынып оқитын өлең болса кітапты шығарғанның несі айып? Менде бастысы кітаптан кітапқа өсу бар. Алғашқы кітабыма қарағанда екінші кітабымда тереңірек ойлар айтылды. Сондықтан, кітап шығарғанымның еш ерсілігі жоқ деп ойлаймын.

– Екінші кітабыңды неге «Тасқын» деп атадың?

– «Тасқын» деген атау шынында бір естігенде құлаққа түрпідей тиеді. Бірақ, бұл ойымның, сезімдерімнің өлеңге айналған «Тасқыны». Ақындар көбінесе кітабын таңдауды өлеңінің атымен атайды. Менде «Тасқын» деген өлең жоқ. Керісінше, кітапқа кірген әр өлең «Тасқынның» тұнық тамшысы секілді. Сонымен қоса, бізде ақындыққа байланысты ескі көзқарас, ұстанымдар әлі өмір сүріп келеді. Мысалы, «Ақын міндетті түрде ішімдікке бейім болу керек, көңілінің зарығын ащы сумен басса, асау шабыты оянады» немесе «белгілі бір жасқа жеткенде ғана кітап шығару керек», болсама «Мұқағали 45 жасында қайтыс болған, мен де сол шамада өмірді аяқтауым тиіс» деген сияқты. Осы қатып-семіп қалған ескі қағидаларды жас буын бұзып-жару керек. «Тасқын» соның бастамасы болса екен деймін.

АДАМДЫ ҚИЯЛЫ ҮШІН СОТТАУҒА БОЛМАЙДЫ!

– Менің ойымша, қазақ ақын қыздарының өлеңдеріндегі ортақтық белгісіз бір музаны күтіп, әлдекімді аңсау. Және «сіз» деп сызылып өлең арнайды. Әр ақын өзінше өрнектегенімен түпкі мағынасы осыдан алыс кетпейді. Мұны қалай түсіндіресің?

– Менің музам нақты бір адам емес. Ол өзімнің ішімде. Сол ішімдегі музаға ұқсайтын адамды өмірде жолықтырғанда өлең жазылады. Біреуге өліп-өшіп ғашық болған емеспін.

         Бірде қойын дәптеріме «саған ауадай қажет ол адамға түкке тұрғысыз сезімдер болады» деп жазыппын. Демек, өмірде қажетсіз сезімдер де бар. Анығында, ондай сезімдер болмауы тиіс, бірақ, кейде сондай күйге өзіңді өзің түсіріп аласың. Шынымды айтсам, мен жүрегім жарылып қуана алмайтын амдаммын. Мысалы, біреуге мектеп бітіргенінің өзі де қуаныш қой, ал мен ондайға селт етпеймін. Қуансам да бәрін ішімде сақтағым келеді, қуанышымды сыртқа шығарып, адамдармен бөліссем сарқылып қалатындай қорқамын. Көп адамды өзімнің шекарамнан асыра бермеймін. Есейген сайын айналаңдағы адамдар сұрыпталып, азая береді екен. Жаңадан танысқан адамдармен де бірден іштесіп араласып кете алмаймын. Осы мінезімді түсінбеген кейбіреулер сыртымнан «тәкаппар, кісіні менсінбейді» деп сөгеді екен. Шын мәнінде ондай емеспін, өзімді сыйлаған адамның жолында жанымды құрбан етуге дайынмын.

– Жақында «Әдебиет порталына» берген сұхбатыңдағы «мен қатарластарымды оқымаймын» деген пікірің дау тудырды. Мұны қандай мағынада айтып едің?

– Біздің буын 2000 жылдардың алды-артында өмірге келіп, жақынғы бір-екі жылда әдебиетке ақырындап араласа бастадық. Бұл күнде ешкім ешкімді жастанып оқымайды. Мұны жас ақын жолдастарымның бәрі дерлік мойындады. Менің айтпағым сол еді. Мен өзімнің субъективті пкірімді ғана айттым. Өзгелердің бұрмалауына, біреудің ойына мен жауап бермеймін ғой.

         Сіз айтып отырған сұхбатта: «Мен басқа кезеңде өмір сүргім келді, бірақ, жаратқан осы кезеңге жіберген екен, оған қарсы шыға алмаймын», – деп айтып едім, бұл сөзіме де шүйілгендер болды. Шынында, мен Мұқағалидың, болмаса «алтын көпірліктердің» кезеңінде өмір сүргім келді. Бұл жай ғана аңсар, ал адамды қиялы үшін соттауға болмайды.

 

Сұхбаттасқан Жақсылық ЫРЫСБАЙ

1 пікір

  1. Анық айтқаныма ренжіме,сіңлім,жетіліп туған бала екенсің!Талантың қаншалықты,табысың қандай боларын білмеймін,қазақ поэзиясына берерің міндетті түрде болатынына сенімдімін!

Пікір қосу