– Мөлдір, жақында жаңа өмірге қадам бастыңыз. Келін болған қалай екен?
– Иә, мен 4 желтоқсан күні әкемнің ақ батасы, туыс-туған, жанкүйерлерімнің дұға-тілегімен дәстүрімізді бұзбай, қара шаңырақтан ұзатылдым. Келін болу – әрбір қыздың арманы. Қыз – жат жұрттық. Менің басқа келіндерден еш айырмашылығым жоқ. Сәлем салып, келіндік міндетімді ойдағыдай атқарып жүрмін.
– Ата-енеңіз «келініміз әнші» деп сіздің асты-үстіңізге түсіп, еркелетіп жатқан шығар?
– Жалғыз тұяғының үйленгеніне марқұм қайын атамның әруағы риза болып, бір аунап түскен шығар. ИншАлла жаны жәннатта болғай! Жолдасым – керемет адам. Ал оны тәрбиелеп өсірген енем тіптен тамаша жан. Мені келіні емес, өз қызындай көреді. Жалпы, Жылқыбаевтар әулетіне сіңісіп кетуіме енем қолұшын беріп, еркелетіп жүр (жымиды).
– «Жеке өмірім туралы халыққа ашып айтатын уақыт келеді. Тұрмысқа шықтым» деп өзім-ақ жұртқа есеп беретін боламын» деген едіңіз бір сұхбатыңызда. Ендеше жарыңыз Арыстан туралы айтсаңыз…
– Есеп беру әлі де алда. Бұлай айтып отырған себебім, халқыма тосынсый дайындап жатырмын. Оны уақыты келгенде көрермен тамашалайтын болады. Біз, яғни қыздар қауымы бақытымызды алыстан іздеп, сарғайып күтеміз. Шын мәнінде, бақытыңды алыстан емес, жаныңнан іздеу керек екен. Мен Арыстанның өзін де, отбасын да бұрыннан танимын, бұрыннан өте жақсы араласатынмын. Яғни, ол Жансая деген жан құрбымның ағасы. Тағдырдың бізге тарту еткен бақыты, сыйы шығар, кейін көңіліміз жарасып, Арыстан екеуміз қосылдық. Жолдасым менен бір жас үлкен, отыз жаста.
Арыстанның шоу бизнеске, өнерге еш қатысы жоқ. Бірақ ол менің өнерімді бағалайды, қолдайды. Шығармашылығымды тоқтатпай, керісінше биікке өрлеуіне бар амалын тауып, қолұшын беруде.
– Салт-дәстүрімізді берік ұстанған Оңтүстік өңірінің, яғни Тараздың қызысыз. Және өз Таразыңызға келін болып түстіңіз. Жөн-жоралғының барлығын білесіз. Сізге келіндік қызметті атқарып, енеңіздің көңілінен шығу аса қиын болып жатқан жоқ шығар?
– Әке-шешем мені кішкентайымнан «әртіс боласың» деп аялап өсірді. Үй шаруасына мүлдем араластырмайтын. Қазір мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Бала кезімде әкем менен: «Кімнің қызысың?» – деп жиі сұрайтын. Мен әрдайым: «Әкемнің қызымын», – деп жауап беретінмін. Бірақ бір жолы әкем: «Жоқ, сен менің қызым емессің», – деді. Бұл сөзге мен ренжіп, жылап қалдым. Артынан әкем: «Қызым, сен құлағыңа құйып ал. Сен менің емес, халықтың қызы боласың», – деп жұбатты. «Бала көргенін жасайды» дейді ғой, үй шаруасына араласпағаныммен анам мен әпкемнің жанында ән шырқап жүріп, тірліктің көзін көріп өстім. Сондықтан келіндік міндетті атқару маған қиынға соғып жатқан жоқ.
– Жар таңдауда неге аса мән бердіңіз? Жиғанына ма, әлде жүректегі иманына ма?
– Менің жолдасымның байлығы – оның мінсіз мінезі. Жоғарыда айтып өткенімдей, Арыстан – төрт қыздың ортасында өскен жалғыз ұл. Сондықтан да болар оның әйел адамға деген құрметі, сыйластығы ерекше. Маған ұнаған, менің жүрегімді жаулаған қасиеті де осы. Ол бүгінгі жетістігіне тынбай еңбектеніп, өз күшімен жеткен азамат. Яғни, жауапкершілікті сезінетін ер.
– Мөлдір, биыл сіздің өнерде жүргеніңізге он жыл толыпты. Неге онжылдығыңызды Республика сарайында атап өтпедіңіз?
– Негізі онжылдықты атап өтуді жоспарлағанмын. Тіпті көктемде Тараз, Павлодар, Семей, Өскемен, Талдықорған, тағы басқа қалаларда жеке концертімді беріп бастағанмын. Алайда жеке өмірімдегі жақсы өзгерістерге байланысты концертімді кейінге қалдырдым.
(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының
№1 (211) қаңтар 2016 жылғы санында)
Сұхбаттасқан Самал ӘДІГЕНҚЫЗЫ
Моля ты супер жаным