Жақында режиссер Асқар Ұзабаев дәстүр бойынша тәрелке сындырып, «91» атты фильмнің түсірілімін бастап кетті, — деп хабарлайды brod.kz.

Картина отандық Ninety One тобына арналған. Биографиялық таспаға продюсер ретінде Асқар Ұзабаев, Әсел Сәдуақасова және Ерболат Беделхан атсалысып жатыр.

«Ninety One» бойз-бэнді туралы фильмнің түсірілімі басталды. Қазақстан киносы

«Біз атышулы «Ninety One» тобы туралы фильм түсірудеміз. Картинада бойз-бендтің солистері өздерін сомдайтын болады. Олар үшін бұл фильм киноға жасаған дебюттік қадамдары болайын деп тұр. Бұл жобаға ешқандай танымал актер қатыспайды. Музыкалық топ туралы фильм түсіріп жатқандықтан, кинода міндетті түрде әндер, хореография мен музыка болады. Жігіттердің жанкүйерлері таң қалатын болады деп ойлаймын»,- деді Асқар Ұзабаев.

Сюжет бойынша фильм бойз-бендтің басынан өткен оқиғалары, жігіттердің шығармашылық жолы мен түрлі кедергілері жайында болмақ. Фильм сценарийін Асқар Ұзабаев пен Сергей Литовченко  бірігіп жазған. Фильмнің қоюшы операторы — Азамат Дулатов.

Айта кетейік, «Ninety One» — отандық эстрадада Qazakh-pop секілді өзіндік стилі мен бағыты арқылы ерекшеленетін танымал топ. Жігіттерден құралған бұл топ 2015 жылы әнші әрі продюсер Ерболат Беделханның бастамасымен құрылған.

Пікір қосу