Өзбекстанның Ташкент қаласында 30 сәуір мен 7 мамыр аралығында бокстан Азия чемпионаты өтеді. Ал Қазақстан ұлттық құрамасы Алматы облысындағы АИБА-ның Дүниежүзілік бокс академиясында жаттығу жұмыстарын өткізуде. Команданың дайындағы, алға қойған мақсаты жайлы бас бапкер Мырзағали Айтжанов пікір білдірді, — деп жазады egemen.kz. Бұл туралы juldyz.kz порталы хабарлайды.
«Қазір Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Дайындық 8 сәуірге дейін жалғасады. Ал 15 сәуірден бастап Астанада жалғастыратын боламыз», – деді Мырзағали Айтжанов. Оның сөзін sports.kz басылымы келтіреді.
«Соңғы рет Германияда «кіші әлем чемпионаты» саналатын «Chemistry Cup» турнирінде боксшыларымыз үлкен жетістіктерге жетті. Дегенмен, дәл осы жарыстан қателіктерімізді де байқадық. Алдағы уақытта осы кемшіліктеріміздің орнын толтыруымыз керек. Жиында спортшыларымыздың футбол, баскетбол, волейбол ойнайтын кездері де болады. Ал алдағы аптадан бастап техникалық-тактикалық шеберліліктерін дамытумен айналысамыз», – деді ұлттық құраманың бас бапкері.
Осыған дейін 81 келі салмақтағы Әділбек Ниязымбетов пен Жәнібек Әлімханұлы жарақаттарына байланысты Азия чемпионатына қатыса алмайтыны хабарланған. Ал ұлттық құрамадағы олардың орнын кім баспақ?
«Әзірге бұл жөнінде шешім қабылдамадық. Бапкерлер құрамымен отырып осы мәселені талқылауымыз қажет. 75 келідегі жігіттеріміздің бірі салмағын көтеруі де мүмкін. 81 келіде Бекзат Нұрдәулетов пен Бек Нұрмағанбет деген екі боксшымыз бар. Жастар арасындағы әлем чемпионатында деңгейлерін байқадық. Оларды да назарға аламыз», – деді ол.
Ұлттық құраманың бас бапкері Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит жайлы да пікір білдірді.
«Василий 60-70%-ға дайын. Алдағы жиындардан кейін бәріне дайын болады деп сенемін. Әрине, өз басым Ташкентте өтетін жарыста Левиттен тек қана алтын жүлде күтемін», – деді.
«Азия чемпионатында басты қарсыласымыз өзбек боксшылары болатыны сөзсіз. Дегенмен, өзге елдің боксшыларын назардан тыс қалдыруға болмайды. Кей салмақтарда қырғызстандықтар мықты келеді. Сонымен қатар, соңғы жылдары Қытай, Оңтүстік Корея, Филиппин, Тайланд, Иран сынды мемлекеттерде бокс қарқынды түрде дамып келеді», – деді Мырзағали Айтжанов.
«Ташкентке үлкен мақсат қойып барамыз. Бірақ Рио Олимпиадасында өзбекстандықтарға кеткен есемізді қайтару басты жоспарымыз болады деп ойламаймын. Қазақстан құрамасы жаңартылған құраммен барады. Азия чемпионатына Олимпиадаға қатысқан екі боксшы ғана баруы мүмкін. Жанкүйерлерімізді қуанту үшін барымызды саламыз», – деді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.