Астана қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаевтың айтуынша, Астанадағы Головкин-Сондерс жекпе-жегі шілде айында өтеді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды, — деп juldyz.kz порталы жазады.
«Кездесу шілденің 17-сі күні болатын болды. Головкиннің өзі қол қойыпты. Британдықпен жекпе-жек өзіміздің «Астана-Аренада» өтеді. Соған қаражат жинап, дайындала беріңіздер. Мен өзім ойлаймын, бағалары қымбат болады. Дегенмен, бір-екі жұма күту керек. Олар бізге қарамайды ғой. Қазір кәсіби бокс бизнес болып кетті ғой. Мен өзім ойлаймын, 10-15 мың, солай болуы тиіс. Бірақ менің білетінім, олар «Астана-Аренаға» тапсырыс беріп жатыр. Соны көріп, 30 мың көрерменнің алдында үлкен бокс кешін өткізбекші», — деді Маржықпаев елордада өткен бүгінгі баспасөз мәслиxатында.
Айта кетейік, Головкинге қажетті соңғы WBO белбеуі британдық Билли Джо Сондерсте (24-0, 12 КО) бар. Оны жеңсе, абсолютті чемпион атанбақшы.