Мәдениет нысандарын құру және жабу мәселелері Мәдениет және спорт министрлігімен келісіледі. Бұл туралы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап, juldyz.kz хабарлайды.
Бүгін Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.
«Алғаш рет норма енгізіліп жатыр, оған сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мәдени нысандарды жапқанда немесе ашатын кезде тек өкілетті органның келісімімен жүзеге асырады. Шынында да, өңірлерде мәдениет үйлері өкілетті органмен келіспестен жабылып жатыр деген ескертулер болған еді. Яғни осыған дейін бұл бағыттағы шаралар еш келісусіз атқарылатын. Енді осы норманың арқасында аталған үдерісті реттеу мүмкіндігін аламыз»,-деді Мұхамедиұлы.
Айта кетейік, оның сөзіне қарағанда, мәдениет нысандарын жабу немесе жекешелендіру мәселелері де министрлікпен келісілетін болады.