Бауыржан Ибрагимов 1962 жылы 4 қазан күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Атбұлақ ауылында дүниеге келген. Ол ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі.
Бала Бауыржан
Кішкентайынан ән мен жырға, тіпті суретке де әуестеніп, әйтеуір, өнер десе, елеңдеп тұрғанымен, үлкен сахнаға, соның ішінде актерлік әлеміне Бауыржан Ибрагимов түрлі тағдыр кешіп, адасып барып, әрең жетіпті. Архитектор оқуына түсіп, одан өзін таппаған соң, ауылға кетіп қалады. Бір күні ауылға 60 жылдығын тойлап, Алашқа әйгілі актриса Шолпан Жандарбекова ат ізін салады. Бұл оқиға қой бағып жүрген бала Бауыржанның кеудесіндегі үміт шоғын қайтадан үрлеп кеп жібереді. Солайша, әртістіктің оқуына ақыры түскен Бауыржан екінші курсында-ақ «Тамашаға» алынады. Бірден өнерге келген құбылыс болып бұрқ ете қалмаса, біртіндеп өзін көрсете бастаған жас дарынның бірінші рөлі бухгалтер болады.
Еңбек жолы
Бауыржан еңбек жолын ауылда шопан болып бастаған. Ол 1983 жылы Алматы Театр көркемсурет институтының театр және кинофакультетін бітірген. Кезінде «Тамаша» ойын-сауық театрының белді мүшесі болған. Мәскеуде өткен Халықаралық эстрада артистері байқауының лауреаты. 1992 жылдан өзі ашқан «Бауыржан шоу» әзіл-сықақ театрының бас директоры. Бауыржан Ибрагимовтің өзі де Құдайберген Сұлтанбаев, Уәйіс Сұлтанғазин, Мейірман Нұрекеев, Тоқсын Құлыбековтермен атар «Тамашаның» шинелінен шыққан.
«Бауыржан-шоу» театры
1992 жылдың 16 желтоқсанында елімізде ресми түрде «Бауыржан шоу» жеке театр болып тіркеледі. Алайда, театр өз жұмысын 1993 жылы бастайды. Бұл негізі еліміздегі тұңғыш әзіл-сықақ театры болатын.
Сахнадағы рөлдері
Бауыржан десе, бірден құдағиын айналдырған татар құда еске түседі. Яғни, Қанафи құда – Бауыржан Ибрагимовтің театрдағы төлқұжаты. Ал сол Қанафи ойдан шығарылған бейне ме, әлде өмірде прототипі бар адам ба? Актердің айтуынша, Қанафи – өмірде болған адам. Бала Бауыржанның ауылында әркімге жалданып, үй салып беріп жүретін мердігер болса керек. Күндердің күнінде әкесінің айтуымен өздеріне жалданған сол мердігердің қасында ала жаздай көмекші болып жүгіріп жүрген Бауыржан талай қызық әңгімеге қарық болады. Ол кезде бірақ Бауыржан бала өзінің болашақта актер болатынын да, қазір жас санасында соның алғаш дәні егіліп, өзінің тұңғыш комедия кейіпкерімен қатар отырғанын да сезбеген екен.
Бауыржан Ибрагимовтің тағы бір елді мойындатқан қойылымы – «Катюша». Ал кейінгі жылдары кемелдікке жаткен ағамыз елді күлдіре отырып, жылататын «Итпен сұхбат», «Балама хат» атты монологтарын шығарды.