Білім министрлігі оқулықтарда өріп жүрген қателерді ақыры түзетуге кірісті. Ата-аналар мен оқушылардың көптеген арыз-шағымынан соң, шенеуніктер арнайы комиссия құрып, барлық кітаптардың мектеп бағдарламасына сәйкестігінен бастап, әріп қателеріне дейін тексермекші, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Тек соның нәтижесіне комиссия мүшелерінің өзі күмәнмен қарап отыр. Алғашқы отырыста-ақ мәжілісмендер Білім вице-министрімен шекісіп қалды. Оқулықтардағы қатені шұқып көрсеткен Бекболат Тілеухан ұнамай қалса керек, министрдің орынбасары депутаттың әрекетін «көзбояушылық» деп атады.
Мектеп оқулықтары төңірегіндегі дау өршімесе басылатын түрі жоқ. Әсіресе, кітап беттерінде өріп жүрген қате, түсініксіз тапсырма оқушылар мен ата-аналарды әбден мезі еткен. Ол аздай, оқулықты реттеуі тиіс комиссия мүшелері мектеп бағдарламасынан тағы да шикіліп тауып отыр.
“Қазақ тілі мен әдебиетті неге біріктіріп жіберген? Геометрия мен алгербраны біріктіруге болмайтын сияқты тіл деген грамматика, әдебиет христоматиялық негізде. Ол неге біріктірілген? Қате.Сосын мына қазақ әдебиетіне еңбек және климаттық жағдай дегеннің қандай қажеті бар?”, – деді мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан.
Мұндай қателерді түзету үшін комиссия мүшелері оқулықты дайындау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет дейді. Яғни, кітап әзірлеуді қазіргідей бәсекелес ортаға бермеу керек. Өйткені, баспамен айналысатын бизнесмендер ақша табуды ғана көздеп, оқулықтың мазмұндық сапасына салғырт қарайды екен. Бірақ, мұндай ұсыныс Білім вице-министріне ұнамай қалған секілді. Тіпті, Эльмира Суханбердиева сөз арасында Тілеуханды көзге түскісі келетін «популист» деп айтып қалды.
“Популизм емес, Эльмира. Бұл жанымның ауырған нәрсесі. Популизм емес. Уааллахи популизм емес. Құдайдың атымен ант етейін популизм емес. –Беке біз оны алып тастадық қой. – Алып тастаған жоқсыздар! Сөз бөлмеңіздер”, – дейді мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан.
Бұдан кейін де депутат пен вице-министр біразға дейін дауласты. Өзін «популист» дегенге қатты ренжісе керек, Тілеухан жиын соңында шенеуніктің тағы бетін қайтарып тастады.
“Бекболат Тілеухан мырзаға алғыс айтқым келеді. Неге десеңіздер, қаншама осындай пәндік комиссияның ішінде депутат бар қатысқаны біреу ғана. Ол Бекең мырза. Осы кісі ғана бізге көмектесіп жатыр”, – деді білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева.
“Көмектесіп жатқаным жоқ мен қарсымын. Мен бұған көмектеспеймін. Құдай бұған көмектесіп, ұрпақтың қарғысына қалудан сақтасын”, – дейді Тілеухан.
Осылайша, мектеп оқулықтарын реттеуі тиіс комиссияның алғашқы отырысы айғай-шумен аяқталды. Енді олар еліміздегі барлық баспалардың кітабын тексеріп, мектеп бағдарламасына сәйкестігін тексеріп шығуы тиіс. Сөйтіп, оқулықтағы олқылықтар түзеледі деген үміт бар.