Әнші Ринат Малцагов биылғы жылы есеп беру кешіне дайындалып жүр. Ол отандық бағдарламада соңғы жаңалықтарымен бөлісті. Бұл туралы stan.kz-ке сілтеме бере отырып juldyz.kz порталы жазады.
– 2017 жылы шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?
– Осы күнге дейін жаңа әндер шығарып жатырмын. Алла қаласа, алдыға қойған көп жоспарымыз бар. Солардың бірі – бейнебаян түсіру. Сахнада жүргеніме 10 жыл толды. Биыл өзімнің туған қалам Павлодарда есеп беру кешін өткіземін. Шамамен күз айларында.
– Осы уақытқа дейін қанша ән орындалды? Қанша автормен жұмыс істедіңіз? Олардың ішінде репертуарыңызда нақты қалатын әндеріңіз қанша?
– Репертуарымда 15 авторлық әнім бар. Құдай қаласа, есеп беру кешінде сол әндерімізді орындаймыз. Ішінде халық әндері де, «Қазақстан» сынды патриоттық, махаббат пен бала туралы әндер де бар.
– Өнер адамдары отбасын жасырып жатады. Ал сіз ашық айтасыз…
– Халықтың алдында жүрген соң ашық адам болуымыз керекпіз деп ойлаймын. Құдайға шүкір, жұбайым мен бір ұлым бар. Есімі – Даниял. Жұбайыммен отасқанымызға 2 жыл толып үлгерді.
– Болашақта Даниялдың өнер жолына түскенін қалайсыз ба?
– Шыны керек, бұл туралы ойламаппын. Жалпы өзім Даниялдың футболшы болғанын қалаймын. Өйткені бала күнімнен футбол мен күреске қатысып келемін. Әрине, барлығы бірінші кезекте бір Алланың қолында.
– 2004 жылы халықаралық үлкен байқаудың лауреаты атандыңыз. Сол кезден бері сіз ірі байқауларға қатысқан жоқсыз. Оған не себеп?
– Димаш бауырыма қарап отырып, ерекше мақтанғым келеді. Кейде, тіпті, маған да бір байқауға қатысу керек еді деген ой келеді. Бірақ оған дайындық пен еңбек керек. Құдай қаласа, мені халықаралық байқаулардан көрулеріңіз мүмкін.