Тоқсын Құлыбеков 1951 жылдың 20 қазанда бұрынғы Талдықорған облысы, Кербұлақ ауданы, Қоянкөз ауылында дүниеге келген. Ол ҚР Еңбек сіңірген әртісі, актер, «Тамашаның» тарланы.

Балалық шағы

Тоқсын әке-шешесінің жалғыз баласы боп өседі. Ата-анасы діндар кісілер болған. Әкесі әңгімешіл, шежірешіл жан болғандықтан, 4-сыныптан бастап, әкесі Тоқсынға «Батырлар жырын» оқытқан. Осыдан Тоқсын өнерге ерте сусындап өскен. 4-сыныпта «Мың бір түнді» оқыған Тоқсын басқа әлемге еніп кеткендей күйге түскен. Ол бала күнінен журналист болуды армандаған. Журналистика факультеті алмайды, филология факультеті өткізбеген соң Тоқсын ауылға келіп, ескі клубқа парторг болады. Сөйтіп жүріп, Алматыға келіп спектакль көретін болған. Оны клубқа ауылға апарып қойған. Осылайша жүріп, сахна өнерін меңгеріп алады.

Тоқсын Құлыбек қазақтың Мемлекеттік ұлттық консерваториясының актерлық бөлімін бітірген. Ол «қазақтың Левитаны» атанған Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевтың алдынан  дәріс алып, дикторлық мамандықтың қыр-сырына қанығады. Қазақ радиосының «Алтын қорында» Тоқсынның орындауында 40-қа жуық хабарлар мен радиоқойылымдар сақталған. «Қазақстан»  телеарнасынан  өз кезінде көрсетілген «Қымызхана», «Жебе» атты сатиралық журналдарда, «Алтыбақан» ойын-сауық бағдарламасында Тоқсынның ойнаған талай рольдері көпшілік  көзайымына айналған.

Еңбек жолы

Оқу бiтiрген соң Тоқсынның Қазақ радиосына бiрден келуiне сол кездегi радио режиссерi Құмарбек Сыдықовтың ықпалы ерекше. Қолына жаңа диплом алған жас жiгiтке бағыт-бағдар берiп, ақыл-кеңес айтқан — Құмарбек Сыдықов. 1985 жылдан «Тамаша» ойын-сауық отауына біржолата ат тізгінін бұрған Тоқсын  Құдайберген Сұлтанбаев  —  Тұңғышбай Жаманқұлов, Уәйіс Сұлтанғазин, Мейірман Нүрекеев, Шолпан Байғабылова, Лидия Кәденова, Бақыт Айтова сынды  тамаша  дарындармен  бірге  көп жыл жемісті еңбек етті.

Отбасы

Тоқсынның жары Қарлығаш, қыздары Шынар мен Лаура.

Болмысы

Тоқсын әріптестерінің айтуынша, өте күйгелек, шапшаң болған. Қиыннан қиыстырып әзілді шебер айта білген. Оның мінезі ашық-жарқын болған.

Марапаттары

Тоқсын Құлыбековтың көп жылғы ерен еңбегі еленіп, 1996 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атаққа ие болды.

Пікір қосу