Белгілі сарапшы, HBO телеарнасының қызметкері Харольд Ледерман орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (36-0, 33 КО) мен дәл осы салмақта WBA (Regular) белбеуінің иегері Дэниэл Джейкобс (32-1, 29 КО) арасындағы жекпе-жек жайлы пікір білдірді, — деп жазады egemen.kz.

«Бұл орта салмақтағы екі мықты боксшының арасындағы жекпе-жек болмақ. Головкин әрине өз салмағындағы ең үздік былғары қолғап шебері. WBO белбеуінен басқасының бәріне қол жеткізген. Соққысы мығым, қарсыласына дәл тигізер болса, оңай болмасы анық. Кәсіпқой бокста да, 300-ден астам кездесу өткізген әуесқой бокста да нокдаун алмаған. Көпшілік оны pound-for-pound рейтингінде бірінші нөмірлі боксшы деп есептейді», – деді Харольд Ледерман.

«Джейкобс та мықтылардың бірі. Әрине, қатерлі ауруды жеңіп, шаршы алаңға шығу да оңай жұмыс емес. Бойындағы ерік-жігері еріксіз таң қалдырады. Қолдары ұзын, жылдам қозғала біледі. Қорыта айтқанда бізді керемет жекпе-жек күтіп тұр», – деді сарапшы.

Айта кетейік, Головкин мен Джейкобс арасындағы айқас 18 наурыз күні АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Madison Square Garden аренасында өтеді. Бокс кешін елімізде «Қазақстан» ұлттық арнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Пікір қосу