Келер жылдан бастап елімізде АИ-80 маркалы жанармайды өндіру тоқтатылады. Аталған сұйық отын тек әскерилерге және коммуналды қызмет түрлерін көрсетумен айналысатын мекемелерге арнайы тапсырыспен шығарылмақ, — деп жазады Skifnews.kz.

Энергетика министрлігі өкілдерінің айтуынша, елімізде АИ-80 маркалы бензинге сұраныс мүлдем төмен.

«Қазақстандағы жеңіл көліктердің 99 пайызы АИ-92 маркалы жанармайды пайдаланады. Жалпы, техникалық құжаттарына сәйкес және экологиялық тұрғыдан алғанда көліктеріміз 92-ші жанармайдан төменгісін қолданбауы тиіс. 80-ші жанармайдың нарығы тым тарылып кетті», — дейді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.

Оның айтуынша, еліміздегі кейбір жүргізушілер ақша үнемдеу үшін АИ-80 маркалы жанармайды амалдың жоғынан пайдаланы екен.

«Қазір 80-ші маркалы бензинді пайдаланушылардың біразы ақша үнемдегісі келген жүргізушілер. Алайда, олардың көліктері техникалық тұрғыда АИ-92 маркалы бензинмен жүруі керек. Енді әскерилер мен коммуналдық қызмет көрсетушілерге АИ-80 жанармайын арнайы тапсырыспен шығаратын боламыз. Өйткені, жаңғырудан кейін аталған мұнай өнімін өндіруді тоқтатпақпыз. Бұл шамамен 2018 жылға тура келеді», — дейді министрдің орынбасары.

Пікір қосу