12 ақпан күні Алматыдағы Республика сарайында мәжіліс депутаты, жырау, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бекболат Тілеуханның Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Елім менің» атты шығармашылық кеші өтті. 3000 адамға арналған Республика сарайында ине шаншар орын болған жоқ.
Кеш қонақтары қатарында Алтынбек Қоразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Арман Қырықбай, Мұхамеджан Тазабеков сынды танымал тұлғалар болды.
Кешке жиналған өнерсүйер қауым Бекболат Тілеуханның орындауында жыраулар поэзиясының жарқын өкілдері Ақтамберді, Доспамбет, Шалкиіздің жырларына сусындап, Абай Құнанбайұлы, Дулат Бабатайұлы сынды ақындардың әндерін тыңдап қайтты.
Сондай-ақ, концертте бауырлас ноғай, қырғыз елінің өнерпаздары халыққа жыр арнады.
Өнерді жоғары бағалайтын Алматы жұртшылығы Бекболат Тілеуханның жыршылық өнерін сағынып қалыпты. Олар үш сағат бойы жырмен сусындатқан дәстүрлі өнер өкілінің кешінен үлкен әсер алғанын айтады.
Кешті арнайы тамашалау үшін Қытайдағы қазақ балуандары да келді. Олар Қытайда өткен жекпе-жек турнирінің финалында бір-бірімен жұдырықтаса алмай, жарыстан шеттетілген еді. Балуандардың бұл әрекетін қазақ жанкүйерлері жоғары бағалады.
Айта кетейік, Бекболат Тілеуханның Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған концерті 19 қаңтар күні Астана қаласында да жоғары деңгейде өткен болатын.
Дереккөз: Nur.kz