Қазақ кәсіпқой боксшысы Мадияр Әшкеевтің келесі қарсыласы белгілі болды. Бұл туралы боксшының «ВКонтакте» желісіндегі ресми парақшасында хабарланды, — деп жазады Vesti.kz.

Мадияр Әшкеев келесі кездесуін 34 жастағы америкалық боксшы Шон Кэмеронға қарсы өткізеді. 2012 жылы кәсіпқой боксқа келген Кэмерон 12 кездесу өткізіп, 10 жекпе-жекте жеңіске жетіп (оның 5 нокаутпен жеңген), тек соңғы өткізген екі кездесуінде жеңілген.

Ал отандасымыз өз мансабында өткізген жеті кездесуде де жеңіске жетті (3 нокаутпен). Соңғы кездесуінде Мадияр 23 жастағы америкалық Маркус Бекфордты 6-раундқа жоспарланған жекпе-жекте ұпай айырмасымен ұтты. Кездесу 15 сәуірде АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы Коннектикутте болады. Жекпе-жек 8 раундқа жоспарланған.

Айта кетейік, Мадияр Әшкеев әуесқой бокста «Astana Arlans» сапында бақ сынады. Кәсіпқой бокстағы мансабын 2015 жылы бастады. «Main Events» промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен жекпе-жектерге қатысып келеді. АҚШ-тың Калифорния штатында жаттығады.

Пікір қосу