– Меңсұлу апай, Есенқұл аға екеуіңіз қалай танысқан едіңіздер?
– Біз 1977 жылдың күзінде таныстық. Есенқұл жұмыс істейтін Ұзынағаштағы «Екпінді еңбек» газеті редакциясының ғимараты біздің көшеде орналасқан болатын, арасын үш-төрт үй ғана бөліп тұрған. Көшенің қарама-қарсы бетінде жақын құрбым тұратын. Құрбымның үйіне барып-келіп жүргенде ол мені күнде көшеден көреді екен. Менің бір жеңгем де сол редакцияда жұмыс істейтін еді. Есенқұл сол жеңгеме бір күні: «Осы көшеден үнемі бір қыз өтеді. Сол қызбен таныссам қалай болар екен?» – депті. «Ол қызбен таныссаң, бағың жанады. Ол жалғыз шешесін асырап отырған қыз», – деп жеңгем де мені мақтапты. Бір күні Есенқұл: «Қарындас, танысуға қалай қарайсыз?» – деп тоқтатты. Сөйтіп, екеуміз танысып кеттік. Ол кезде менің жасым 24-те болатын. Сөйтіп, дос болып араласып, сөйлесіп жүрдік. Кеңес Одағы кезінде 7 қараша мемлекеттік мереке ретінде тойланатын. 1978 жылдың осы күні әдеттегідей достарымызбен бірге салтанатты жиынға бардық. Сосын Есенқұлдың достары бар, олардың келіншектері бар – бәрі: «бір досымыздың туған күні еді, соны құттықтап шығайық» деп Бірлік ауылына ертіп барды. Сөйтсем, олар мені алдаған екен, үйге кіргеннен кейін үлкендер жағы келіп, басыма орамал салды. Басында көнбедім. Бірақ, кетейін десем, қараңғыда қай ауылға, қай жолмен, қай жақтан келгенімді білмеймін, әйтеуір жота-жотаны асып, жаяу келгенімізді білемін. Ешкімге бой бермей, сыртқа бұлқынып шыққаныммен, кетуге қараңғыдан қатты қорықтым, көшеде жарық жоқ, жан-жақтан иттер абалап үріп жатыр. Оның үстіне, Есенқұл соңымнан сыртқа бірге шықты да: «Қазір сен кетсең, мен асылып өлемін, өліміме сен кінәлі боласың», – деді. Біреудің қанын мойныма жүктеуге тағы қорықтым. Қысқасы, көндім. Сөйтіп, Есенқұл екеуміз қол ұстасып бірге 36 жыл өмір сүріп, екі бала тәрбиеледік.
– Есенқұл ағаның үйдегі мінезі қандай еді?
– Өте жайлы болатын. Ұрсысу дегенді білмейтін. Жымиып, күліп қана отыратын еді. Аз ба, көп пе, тапқанының бәрін маған әкеліп беретін. Кейін өзгелер сияқты оның есебін де сұрамайтын. Өзі ақша ұстауды да білмейтін. Дүкенге барса, қалдық ақшасын алмай, ұмытып кете беретін. Балаларға да жайлы болды. Оларға да ұрыспайтын, бірақ, артық кетіп бара жатса, отырғызып қойып, ақырындап түсіндіріп, ақылын айтатын. Немерелеріне деген махаббаты керемет болды. Бес немереміз бар, ол төртеуін көріп кетті. Жұмыстан шаршап келсе де, «аталап» алдынан жүгіріп шыққан немерелерімен ойнап кететін. «Осыларды көрсем, шаршағаным бір демде басылып қалады», – деп отыратын. Олар да аталарын сағынып жүр. «Атам болғанда, былай істейтін едік…», – деп армандап отырғандарын естісем, жүрегім ауырып кетеді. Бос уақытында, балық аулағанды жақсы көретін. Кейде үйдің қасындағы алаңда немерелерін, көршілердің балаларын жинап алып, оларды командаға бөліп, футбол ойнайтын. Қазір футбол ойнаған сайын ол балалар да Есенқұлды жиі естеріне алады.
Жалпы, Есенқұл өте көпшіл адам еді. Достары да көп болатын, үйге қонақ келсе, балаша қуанатын. Өзінде жоқ болса да, өзгеге көмектескісі келіп тұратын.
Әке-шешесіне де өте жақын болатын. Әкесі тракторшы еді, 57 жасында егістікте жұмыс істеп жүріп, аяқ астынан қайтыс болды. Анасы 2012 жылы өмірден өтті. Үйленгеннен кейін екеуміздің де жұмысымыз Ұзынағашта болған соң, осында тұрдық. Бірақ, әр жұма күні жұмыстан кейін ата-анасының ауылына кететінбіз де, жексенбі күні кешке қараңғылатып бір-ақ келетінбіз. Марқұм әкесі де өнерге жақын адам еді. Ескі әндерді керемет орындайтын. Біз барсақ, ол кісіге Есенқұл қосылып ән айтып, өлең оқып, у-шу болып кететінбіз. Әкесі: «Есенқұлға тиіспеңдер, ешнәрсеге жұмсамаңдар, ешнәрсе істетпеңдер, ол – өнер адамы», – деп отыратын. Содан ба, ол өзі ауылда өскен бала болса да, отын жара алмайтын, тіпті, балта ұстай алмайтын. Оған қарағанда, мұндай жұмыстардың бәрін мен жақсы істейтінмін (күліп). Үй шаруашылығына мүлдем жоқ еді. «Ең болмағанда, үйде ешкім жоқ кезде өзіңе шай құйып ішуді білмейсің», – деп ренжитінмін. Оның білетіні тек қана оқу әрі жазу болатын.
– Ағаның қай қылығын сағынасыз?
– Өлеңді көбіне таңғы намаздан кейін жазатын. Бірақ, шабыты ұстаса түн бе, таң ба қарамай, атып тұрып, бөлмесіне кетіп қалатын. Сосын жазуын жазып болғаннан кейін, сағат түнгі екі-үш немесе таңғы бес-алты болса да: «Меңсұлу, тұршы, екеуміз шай ішейікші», – деп мені оятатын (күліп). Екеуміз әңгімелесіп отырып, шай ішетінбіз. Бір-бірімізден сыр жасырмайтынбыз, кейде сиясы кеппеген өлеңдерін оқып беретін. Кейде пікір таластырып, ренжісіп қалатынбыз. Қазір сол күндердің барлығын сағынамын.
Есенқұл соңғы кезде проза жазып жүрген. Қолжазбасы бір жәшік болып жиналып тұр. Соны компьютерге түсіріп, іріктеп, болашақта жарыққа шығарамыз.
Сұхбаттасқан Анар ӘЛДИБЕКОВА
(…толық нұсқасы
«АҢЫЗ АДАМ» журналының
№2 (158) қаңтар 2017 жылғы санында)