Алматыда өтіп жатқан 28-інші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың тоғызыншы күнінде Қазақстан құрамасы медальдық есептегі екінші орнын сақтап қалды, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.
7 ақпан күні еліміз қоржыны бес медальмен толықты. «Алтын», «күміс» және «қоланы» биатлоншылар — Галина Вишневская, Роман Еремин және Антон Пантов сәйкесінше жеңіп алды. Сондай-ақ қола медальдарды шаңғышы Анна Шевченко, шорт-трекші Денис Никиша алып келді. Нәтижесінде, Қазақстан құрамасы осы күнге дейін барлығы 34 медаль еншіледі, оның 11 — алтын, 7 — күміс және 16 — қола.
Бірінші орында 68 медальмен Ресей тұр (27-26-15). Үздік үштікті 21 медальмен Оңтүстік Корея тұйықтауда (11-5-5). Назарларыңызға 8 ақпан — соңғы жарыс күнінің кестесін ұсынамыз:
Спорт түрі: Шайбалы хоккей — ерлер. Өтетін орны — «Халық Арена» Басталуы — 11:00. Канада — Чехия, қола үшін матч 15:00. Қазақстан-Ресей, финал.
Спорт түрі: Шаңғы жарысы — ерлер. Өтетін орны — «Алатау» шаңғы-биатлон кешені Басталуы — 10:00. Масс-старт 30 км. Медальдар ойнатылады.
Осы күні сондай-ақ, «Алматы Арена» мұз кешенінде сағат 19.00-де Универсиада ойындарының жабылу салтанаты өтеді.