Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров қазақстандық актер Тұңғышбай Жаманқұловтың ұсталуына қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Кейде қоғам бастапқыда не болып жатқанын түсінбей жатады. Себебі елімізде қылмыстық қудалауға көбінесе танымал адамдар түсіп жатады. Олар түрлі салаларда — шығармашылықта да жұмыс істеуі мүмкін. Мысалы, Жаманқұлов. Халық әртісі, еліміздің сүйікті азаматы айыпталушы болады деп кім ойлаған. Біз дәлелдерді көрсетуіміз керек», — деді Қожамжаров алқа отырысында.
Сондай-ақ, Қожамжаров CentralAsiaMonitor бас редакторы, Radiotochka.kz сайтының директоры Бигелді Ғабдуллинге қатысты пікір білдірді.
«Ғабдуллинге қатысты қылмыстық істің басталып жатқан сәті есімде. Сонда журналистер менен дәлелдерді көрсетуімді сұраған болатын. Сот ашық түрде өтті, ол кінәсін мойындады. Барлық дәлелдер мен тергеу жұмыстарының нәтижелері қоғам алдында көрсетілді. Сондай-ақ, оның «маған белгілі бір сомада тапсырыс бермесеңіздер, қиындықтар болады» деп айтқаны туралы дәлелдер бар. Бигелді Ғабдуллин расында да осыған ұқсас мақалаларды жазып жүрген», — деді Қожамжаров.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың 2 қарашасында қазақстандық актер Тұңғышбай Жаманқұлов ұсталған болатын. Тергеудің мәліметінше, «Қазақфильм» АҚ-ның «Т.К.TURAN UNIVERSAL BUSINESS» ЖШС-ға фильмнің өндірісіне 79 миллион теңге бөлгені анықталған. «Оның 69 миллион теңгесін картина продюсері Тұңғышбай Жаманқұлов жымқырған. Ол — «Т.К.TURAN UNIVERSAL BUSINESS» ЖШС-ның құрылтайшысы», — делінген еді хабарламада.