Астанада күллі әлем көз тіккен Сирияға қатысты келіссөздер аяқталды, — деп хабарлайды КТК арнасы.

 

«Тыныштықтың орнауына біз де мүдделіміз. Бірақ үкімет әскері келісімді бұзып, оқ атуын доғарар емес. Базынамызды кепілдік берген мемлекеттер Ресей, Түркия, Иран мен Біріккен ұлттар ұйымына айттық. Олар ықпал етуге келісті. Алайда, сенім аз», — дейді «Сирия еркін армиясының» өкілі Усама Әбу Зейд.

Сонымен қатар оппозиция өздерін Шам жерінің 40 пайызын басып алған ДАИШ лаңкестік ұйымымен байланыстырмауды талап етті. Террористерге соққы жасап жатқанын айтқан олар, Асад әскерімен бейбіт келісім жасауға әзір. Бірақ бұл ресми Дамаскімен түбегейлі күш біріктіреді деген сөз емес.

«Сириялықтар соғыстан әбден шаршады. Бұл адамзат тарихындағы ең үлкен трагедия. Аймақта геосаяси ойындардың көрігін қыздырған ірі державалардың Таяу Шығыста өз жымысқы жоспары бар. Ал біз биліккке жау емеспіз, Сирияны қанды қырғыннан құтқарғымыз келеді», — дейді Сирия оппозициясының өкілі Яхия әл-Ариди.

 

«Барлық тараптың ұстанымдарын білдік. Әр ұсынысты жан-жақты қарадық. Өйткені бұл жай қағаз емес, құжаттың артында миллиондаған адамның тағдыры тұр», — дейді БҰҰ Сирия жөніндегі арнайы өкілі Стаффан де Мистура.

Елордадағы келіссөзде ең басты нәтиже атыстың тоқтатылғаны еді. Бұл талап қарулы оппозиция мен Сирия үкіметінің Астанада қол қоятын декларацияда анық жазылады деп күтілген. Бірақ тараптар тек келіссөздерді жалғастыруға ауызша ғана уағдаласып кетті. Сондықтан, енді алдағы уақытта оппозиция мен үкіметтің тікелей диалогы жалғасады деген үміт бар.

Пікір қосу