Оған бүкіл қазақ даласы салынбаған суреттей елестейтін…

…Біздің қарияның көрмеген қорлығы, ауыр бейнеті жоқ десем, өтірік айтқаным емес. Өйткені біз бір ауылда, бір елде туып-өстік. Бұрыннан туысқан-жекжат едік, сүйек жаңғыртып, мені айттырып, құда түсті. Екеуміз қиын-қыстау, азапты күнде қосылдық. 14 жасымда тұрмысқа шықтым. Әбілхан жұмыс, оқу іздеп кеткенде, елде қалғанмын. Әбілхан оралысымен: «Алматыға барамыз. Сонда тұрамыз», – деді. Сөйтіп, 1936 жылы Жаркенттен көз көрмеген қалаға тарттық. Қу кедейшілік не істетпеді! Шай ішетін ыдыс-аяқ жоқ. Жалғыз ғана киізді алып, Алматыға да жеттік. Осында Низам деген ұйғырдың екі бөлмелі үйі бар болатын. Біраз уақыт соның қолында тұрдық. Өздері балалы-шағалы. Оларды аяп, күзде бір ұйғырдың үйін айы­на 1 сом­нан беруге келісіп, жалдап алдық. Не ақша жоқ. Сөйтіп, Әбілхан сурет салып жүріп, күнімізді көре бастадық. 1937 жылдың 5 мамырында тұңғышымыз Әбілтай дүниеге келді. Отырған үйіміздің тарлығын қайтейік, қабырға, едендері суланып, дымқыл болып кететін. Жағдайын айтып, сол кездегі респуб­лика Суретшілер одағының төрағасы Мұхамеджан Жанкинге барса: «Медеуде екі бөлмелі үй бар, соған әзірше барып тұрыңдар. Кейін көре жатармыз», – деген соң қуана келістік. Баруын бардық-ау, бірақ баланы орайтын ештеңе таппадық. Әйтеуір, Әбілхан әкелген жылы матаға салынған суретке орап, жаз бойы сонда тұрдық. Әбілхан тынымсыз жұмыс істеп, отбасының қамымен жүрді.
 
Ә.Қастеев анасы Қалипа, зайыбы Сақыш, ұлдары Әбілтай, Нұртілеу, Нұртай, Нұртаспен. 1944 ж.
Күз түскен соң Жанкинге қайта барған екен, ол да уәдесін ұмытпапты: «Қыста қайда барасыңдар? Красин көшесінде екі бөлмелі үйім бар. Бір бөлмесінде тұрыңдар», – депті. Қиын уақытта қамқор болған асыл азаматтардың бейнесін көз алдыма елестетіп, әр кез рухына табынамын. Екі баласы бар екен. Әйелі Рәбиға жылы жүзді адам екен. Жылы қабақ танытты. Сонымен күз де болды. Бір күні «халық жауы» деп Мұхамеджанды ұстап алып кетті. Халық та дегбірі қашып, әбден үрейленіп кеткен. Зар жылап екі баласымен әйелі қалып еді. Қаңтардың 18-де үйге келіп, НКВД қызметкерлері оны да ұстап әкетті. Үй ішіндегі заттарын, бұйымдарын өздері отырған бөлмеге жинап, мөрлеп, сыртынан бекітіп тастады. Жанкиндердің ұлын бір ағасы алып кетті, қызды мектеп-интернатқа орналастырды. Әркімдерден «бәленді ұстап әкетіпті» дегенді естігенде, зәре-құтымыз қалмайтын. Маған сыр білдірмесе де, Әбілханға да НКВД қызметкерлері тиісіп жүріпті. «Қой терісін жамылған байдың баласы. Сурет салуды қайдан, кімнен меңгерген?» – деген күдікті сауалдармен мазалаған көрінеді. Қайдан білейік, қазақта сурет өнеріндегі тұңғыш адам болғандықтан да, бұрынғы ескі әдетпен тек байдың баласы ғана оқып, білім алады, өнер қуады деген оймен біздің отағасын да біраз әурелепті…

Мінезі сондай жұмсақ еді

…Әбілхан көп ұйықтамайтын. Ерте тұратын. Сағат 6-да орнынан тұрып кететін. Содан кейбір кездері кешке дейін жұмыс істейтін. Кейде әлдененің тапшылығын сезгенде: «Мына суретіңді қашан өткізесің? Ақшасын қашан аламыз?» – деймін мазасызданып. Ондайда ол: «Асықпа, бітсін. Жұрт көретін дүние ғой», – дейтін. Кейде суретін салып жатып: «Мына салғаным қалай? Келе ме өзі?» – деп ақылдасатын. Сол бір жылдары рес­публика Суретшілер одағының төрағасы Беров деген біреу жеті портретін қабылдамай қойыпты. Онымен тынбай: «Сен сурет сала алмайсың. Үйіңе бар. Лозунг жаз», – деп, ар-намысына тиген кездері де болған. Бірақ әлдекім сияқты бұған ашуланып, болмаса еңсесі түсіп қайтпайтын. Қайта бұрынғысынан да жігерленіп істейтін. Жаңағындай басшылар талантын көре алмағандықтан қиянат жасауға баратынын білетін де, бар жан дүниесін суретіне аударатын.
 
…БІЗДІҢ ҚАРИЯ ОЙЫНДАҒЫ ӨЗ ТІРЛІГІН ТӘМАМДАП, БІР СУРЕТІ БІТСЕ, КӨҢІЛІ ОРНЫНА ТҮСІП, КІСІЛЕРМЕН СҰХБАТТАСУДЫ ҰНАТАТЫН. ТІПТІ ӨЗ БАЛАЛАРЫН ЖАНЫНА АЛЫП, ӘРДАЙЫМ ӨЗ БАСЫНАН КЕШКЕН ХИКМЕТТЕРІН ТӘПТІШТЕП АЙТЬП ОТЫРАТЫН. ОЛАР СҰРАСА, ЖАУАП БЕРУДЕН ЖАЛЫҚПАЙТЫН.
…Мінезі сондай жұмсақ еді. Көп сөйлегенге құштар емес, қысқа ғана жауап қайтарып, мақұлдайтын. Дүниеге қызықпайтын. Үйге анау-мынау керектігін айтсам, «Өздерің біліңдер. Не алсаң да шаруам жоқ», – деп қана тіл қатып қоятын. Ішімдікті де ұната қоймайтын. Сонан соң жұмыстан келдім деп қарап жатпайтын, кейде балақтарын түріп тастап, еден жууға кірісіп кететін. Балалары бір жерге жұмсаса, ерінбей барып келетін.
Бірде суретшілер жиналып қалғанда бірі: «Әбілхан аға, сіздің орныңызда болсақ, ханның сарайындай үй тұрғызып алар едік. «Халық суретшісі» деген дардай атағыңыз бар. Жоғары орындарға кірмейсіз бе?» – деп қайраған да болыпты. Жуастығы сол: «Бұған да шүкіршілік етейік. Осының өзі бізге жетеді», – депті.
Отбасымен. Солдан оңға қарай, 1-қатарда: ұлдары Нұртас, Нұртілеу, Нұртай, зайыбы Сақыш ұлы Нұрбекпен; 2-қатарда: қарындастары Күлән мен Зағираның ортасында Ә.Қастеев. 1947 ж.
Кейде сыртқа шыққанда болмаса, суретші іні-бауырларымен бас қосып, ресторанда отырған кезде: «Ақшасын Әбілхан аға төлейді», – десе, сөзге келмей-ақ: «Иә, өзім төлеймін ғой», – деп елпілдей жөнеледі екен. Әйтеуір, барымен базар етуге тырысатын, берегендігінде шек жоқ еді. …Ақырғы суреті «Садыр палуан» деп аталатын. Ұйғыр халқының батырына арналған. Ташкенттен арнайы өтініш білдіріліпті. Хасан Қадыров деген жазушы: «Ешқандай келісімшартсыз-ақ жасай беріңіз. Ақысын кейін дұрыстап төлейміз», – депті. Кейін суретті салып бітіріп, жіберген еді, айтқан алғыс та, ақша да жоқ, сол кеткеннен мол кетті. Кейін газетке ғана шықты. Оны да ауырып жүріп жасады. Сүйінбайдың да суретін салған болатын… Жас Абайды салғаны да есімде. Ауылдың бір баласын отырғызып қойып, салып шықты. Ол Қожақан Шәкенов деген жігіт еді, кейін жоғары оқу орнында декан болыпты. Пошымы ұқсамайтын. Бірақ сыртқы тұлғасын соған қарап салған ғой.
 
Содан бір медицина ғылымының профессоры: «Анатомияны оқымаған суретші көрмеген адамның келбетін калай жасайды?» – деген екен. Ол: «Анатомияны оқымай-ақ мен адам келбетін жасаймын», – депті. Абайдың кітаптағы жалғыз суретін пайдаланып қана қоймай, оны оймен елестетіп көргендей етіп салып шығуы, шынында да, оның ізденгіштігін, шеберлігін қапысыз дәлелдесе керек.
 

Суретшілер одағының екінші үйі сияқты едік

 
…Ол аз-кем сауатымен қазір әрі дегенде әлемге, Одаққа әйгілі Қазақстан суретшілерінің қадірменді бастығы боп, талай жыл қызмет атқарды. Екі рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты боп сайланып, ел құрметіне бөленді. Сол кезде Әбілханға сонау Сарыарқа, мынау Маңғыстаудан, өзі сайланған оңтүстіктен әртүрлі тағдыр талқысына түскен адамдар келіп, өтініш, тілек айтып, көмек сұрайтын. Соның бәрінің меселін қайтармайтын. Ол – ол ма, үйде суретшілер қаптап жүретін. Қалайда уақыт тауып Әбілхан олармен сөйлесетін. Дәм әзірлеп, мен де құрақ ұшатынмын.
Сондықтан болса керек, үйге келгендердің қай-қайсысы да бейне өз отауында жүргендей еркін сезінетін. Жерлес, анау-мынау деп бөліп-жармайтын. Барлығын туған бауырындай көруші еді. Шынын айтсам, біздің шаңырақ Суретшілер одағының екінші үйі сияқты болатын. Біздің үйде кімдер оқымады десеңізші. Амангелді туралы сурет салған, кезінде сонау Қостанайдан талабын танып Хакімжан Наурызбаев­­­­­­­­­­­­ты әкеліп, үйге тұрғызып оқытты. Үкі Әжиев, Молдахмет Кенбаев, Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмайы­лова, Бек Түліков тағы да басқалары жиі-жиі бас қосып, салған суреттерін көрсетіп, ақыл-кеңес алатын. Өзінің көңілінен шығып ұнатып қалған, талабы бар жастарды сүйрелеп жүретін. Тіпті сонау Мәскеу, Ленинградтағы үлкен оқу орындарына өзі апарып, қамқор боп, тілеуін тілеп, солардың жағдайына күйбелек болатын. Адамдарға деген мейірбандығы, кішіге ізеттілігі, үлкенге ілтипаттығы зор еді.
…Әбілханмен қосылған жылдан бастап, қиындықпен өткен отбасылық өмірімізді еске алсам, бейнетті жылдар мол болғанын аңғарамын. Еңбегі еліне танылып, Халық суретшісі атанып, ауырлықтың бәрі артта қалғандай болып, әлі де жаңа, тың дүниелер берсем деген шағында мейірімсіз ажал арамыздан алып кетті оны. Өмірдегі, өнердегі көрген азабын, қиындығын ойласам, көрер қызығы алда еді-ау! Бәрінен бұрын балаларын есейтіп, өсірген шақта тіпті солардың да қызығын көре алмады.
 
(…толық нұсқасы
«АҢЫЗ АДАМ» журналының
 
№14 шілде, 2011 жылғы санында)
 
(С.Қастееваның «Парасат», №1, 1992 ж; «Әбілхан Қастеев», «Өнер», Алматы, 1986 ж. басылымдарында жарияланған мақалалары бойынша ықшамдалып дайындалды)
 

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу