Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам 17 ақпан күні бразилиялық боксшы Робсон Ассиспен жұдырықтасады, — деп juldyz.kz порталы massaget.kz-ке сілтеме хабарлайды.
Бірінші орта салмақта бақ сынайтын отандасымыз кәсіпқой бокстағы 23-жекпе-жегін өткізеді. Ал қарсыласы Робсон Ассис мансабындағы 20-кездесуіне шығады екен. Бразилиялық осы уақытқа дейін өткізген 19 кездесуінде 3 рет жеңіліп, 16-сында жеңіске жеткен. 9 жекпе-жегінде қарсыласын нокаутпен ұтқан. Кәсіпқой бокстағы мансабын 2006 жылы бастаған.
Қанат Ислам шығатын бокс кешінің басты жекпе-жегінде Рой Джонс (кішісі) жұдырықтасады. Бұл туралы «Nelsons Promotion» промоутерлік компаниясының Қазақстандағы өкілі Нұрғазы Ісмағамбетов айтқан еді.
«Қанат Ислам кәсіпқой бокстағы келесі кездесуін 17 ақпан күні Нью-Джерси штатындағы Ньюарка қаласында өтеді. Рой Джонстың қатысуымен өтетін бокс кешінде Ислам 10 раундтық жекпе-жек өткізеді. Бірақ, бұл кеште Қанат чемпиондық атағын қорғамайды. Отандасымыз чемпиондық атағын тек Қазақстанда қорғаймын деп отыр. Қарсыласының кім болатынын алдағы уақытта хабарлаймыз. Қанат Ислам қазір АҚШ-та. Нельсон Лопездің қол астында жаттығу жұмыстарына кірісіп кетті», — деген еді.
Қанат Ислам кәсіпқой бокстағы өзінің соңғы жекпе-жегін 2016 жылдың 29 қазан күні Алматыда өткізіп, төрешілердің шешімі бойынша ганалық боксшы Патрик Аллотейден басым түскен еді.