Атырау қаласы аумағынан жаңа қоқыс полигонын салуға жер бөлінді, — деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Атырауда қазір қаланың тазалығын сақтау мақсатында үш жүзден астам жол жұмысшылары мен 200 техника жұмыс жасап келеді. Тұрғындардың күнделікті қатты тұрмыстық қалдықтарын қоқыс полигонына жеткізу, көшені қардан, жаңбыр суынан тазалау жұмыстары «Арнаулы автобаза» ЖШС мекемесіне жүктелген.   «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Самат Тұрниязовтың айтуынша, қаланың тазалығы өткен жылдың қыркүйек айынан бастап облыс әкімдігінің басты назарында.

Облыс әкімдігінің қолдауымен 2016 жылдың күзінде жұмысшылардың айлық еңбекақыларына 35 мың теңгеден қосылып, қызметкерлердің саны 180-нен 320 адамға көбейтілген.

Атырау қаласы аумағынан жаңа қоқыс полигоны салынады

«Қазіргі таңда Атырау қаласы мен қала аумағындағы елді мекеннің көшелерінде 2600-дан астам қоқыс жәшігі бар. Оларды күніне 22 арнаулы көлік жинап, қоқыс полигонына жеткізіп отырады. Қаладан 5 шақырым жерде орналасқан қоқыс полигонының аумағы 35 гектар жерді құрайды. Қырық жылдан бері қаланың күл-қоқысы сол жерге шығарылып келеді», — дейді Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Самат Тұрниязов.

Қазіргі таңда жаңа қоқыс полигонын салу үшін Махамбет ауданы аумағынан да 50 гектар жер телімі бөлініп отыр. Басшының айтуынша, қалаға әлі 1000 қоқыс жәшігі қажет. Мәселені шешу үшін жыл соңына дейін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі арқылы 1000 дана контейнер алынуы тиіс, — дейді С.Тұрниязов.

Сондай-ақ, қаланы қардан тазалауға күрекпен жабдықталған 10 автокөлік және тұзды топырақ шашатын, жолдарды қардан тазалайтын арнайы техникалар бар. Күз, көктем айларында қаланы судан тазалауға 13 су алғыш автокөлігі дайын екенін жеткізген С.Тұрниязов, техникалар жетпеген жағдайда келісім шарт бойынша, «Атырау Су Арнасы» мекемесі мен жеке кәсіпкерлер көмектесетінін қаперге берді.

 

Пікір қосу