Бүгін Алматыда аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі болып өтті, — деп хабарлайды juldyz.kz порталы. 

Қаңтардың 12-сі күні Дінмұхаммед Қонаевтың туғанына 105 жыл толуына орай Бөгенбай мен Қонаев көшелерінің қиылысындағы оның ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, еске алу шарасы өткізілді. Аталмыш іс-шараға Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар және Д. Қонаевтың туған-туыстары қатысты.

Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев 1964-1986 жылдары аралығында Қазақстан Компартиясы комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды.

Еңбек жолын тау-кен инженері болып бастап, Балқаш мыс қорыту комбинаты мен Лениногор қорғасын-мырыш комбинаты сынды еліміздегі ең алып өндіріс орындарында қызмет істеген Димаш Ахметұлы бірте-бірте Ғылым академиясының президенттігіне жоғарылаған. Одан кейінгі өмірінің бәрі де партия-кеңес органдарында, Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінде қызметте өтеді. 10 жылдай Қазақ КСР Министрлер Кеңесінде төрағаның орынбасары, төраға, 27 жыл Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы, 21 жыл СОКП ОК Саяси бюросының мүшесі болады.

Еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан, көрнекті тұлғаны еске алып, рухына тағзым етуге Алматы жұртшылығы да жиналды.

Елу жыл ел тағдырына араласып, жа­уапты қызметтерді абыроймен атқарған Дінмұхамед Ахметұлы өте парасатты, көреген саясаткер ретінде танылды.

Димаш Ахметұлы туралы естелік айтқандардың қай-қайсысы да ол кісінің өте кеңпейіл, сабырлы да салмақты, парасатты адам болғанын баса айтты.

Д.А.Қонаев есімі берілген жерлер

Алматы қаласында ескерткіш – бюст.

Астана және Алматы қалаларында — көшелер.

Үлкен Алматы каналы.

Орал қаласында — шағын аудан.

Тараз қаласында — орталық көше және бюст.

Талдықорғанда- көше, сәулетті кешен және бір жоғарғы оқу орны.

Алматы қаласында — жекеменшік университет.

Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында — орталық көше.

1992 жылы Алматыда Халықаралық Қонаев қоры құрылды.

1994 жылы – Алматы қаласында Д.А.Қонаевтың мұражайы ашылды.

Шымкент қаласында — орталық гүлзәр және сол гүлзәр бойында мұражай.

Соңғы демі таусылғанша елмен емен-жарқын араласып өткен Дінмұхаммед Қонаев 1993 жылы тамыздың 22-де 82-ге қараған шағында қайтыс болды.

 

 

 

Пікір қосу