Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік мейрамымен құттықтап, еліміздің Әнұранын әрқашан шырқатып жүруге уәде берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің мерейлі мерекесі — Тәуелсіздіктің 25 жылдығы құтты болсын! Барша қазақстандықтарды шын жүрегіммен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз баянды болсын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Біз, жастар тәуелсіз елімізге қызмет етеміз. Спортшылардың атынан алдағы уақытта еліміздің абыройын биік ұстап, Туымызды жоғары көтеріп, әрқашан Әнұранымызды шырқатып жүре береміз деп сөз беремін. Үлкен жарыстарда тек жеңіспен ғана оралатын боламыз. Сондықтан жеңісті күндерде жолығайық!», — дейді Олимпиада чемпионы.

Айта кетейік, күні кеше Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында Д.Елеусінов жастардың ұранын ресми түрде бекітуді ұсынды. «Әлемдегі көптеген мемлекеттердің ұрандары бар. Жастарды жігерлендіріп, азаматтарды біріктіретін бірақ ауыз сөз. Біздің бабаларымыз да ұран шақырылғанда бір тудың астынан табылған. Осыған байланысты спортшылардан өзіңізге ұсыныс бар. «Қазақстан, тек қана алға!» деген сөзіңізді еліміздің  ресми ұранына айналдырсақ. Бұл барша патриоттардың мәңгілік ұраны болар еді», — деді ол. Президент Н.Назарбаев чемпионның бұл ұсынысын қолдады. «Мұны қолдаймын. Ұранымыз — «Алға, Қазақстан!» болсын», — деді Мемлекет басшысы.

Пікір қосу