Алматыда 2017 жылы өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиада алауының әнұраны бекітілді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әнұран әуенінің авторы — танымал композитор, халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Еуразиялық мәдениет қорының президенті Ерулан Канапьянов. Ал мәтінін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Шөмішбай Сариев жазған.
Универсиаданың әнұранын «Астана Опера» театрының жетекші солистері Майра Мұхамедқызы мен Медет Чотабаев орындады, Сондай-ақ, «Арт-Вокал» тобының мүшелері де әнді орындауға қатысты.
«Бізге әнұранды ойластырғанда Қазақстандағы тамаша қаламыз Алматыда осындай әлемдік деңгейдегі маңызды спорт жарыстарының өтіп жатқаны үлкен шабыт берді. Біздің қалаға келетін мындаған спортшы, спортсүйер қауым мен туристердің алматылықтардың қонақжайлылығын бағалап, тамаша табиғатымызға тамсанады деп сенемін. Өтейін деп жатқан Универсиада арқылы көптеген жастарды спортқа тарта аламыз деген үміт бар», — деді композитор Ерулан Канапьянов.
Айта кетейік, Универсиада алауының әнұраны 2017 жылы 25 қаңтарда Назарбаев Университетінде орындалады.