2017 жылы Алматыда өтетін 28-ші дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарында сноубордтан ел намысын қорғайтын Дарья Слободкина намысты қолдан бермеуге тырысатынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
«Универсиада ойындарында өзімнің бұрын көрсеткен нәтижелерімді жақсартсам деймін. Ол мақсатқа жету үшін еңбектеніп жатырмын. Ауызбен орақ орғым келмейді. Уақыты келгенде нақты нәтижені көреміз. Намысты қолдан бермеуге тырысамын. Әрине, жаттығу кезінде төгілген маңдай терімнің ақталғанын қалаймын», — деді спортшы.
Сондай-ақ, Дарья Слободкина спортшылар маңызды жарысқа дайындықты мықтап қолға алғандығын атап өтті.
«Біз Универсиада ойындарына тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Қазіргі таңда Австрияда оқу-жаттығу жиынындамыз. Кейін сноубордтан Еуропа кубогы жарысына қатысамыз. Өкінішке қарай, аталмыш жарыс Универсиада алдындағы жалғыз әлемдік маңызы бар старт. Сондай-ақ, Жаңа жыл алдында біз Шығыс Қазақстанда оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Ал Жаңа жылдан соң Шымбұлаққа барамыз», — деді ол.
Айта кетейік, Қысқы Универсиада ойындары 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өтеді.