Келіншегімнің ұлды болатынын түсімде көргенмін

– Ассалаумағалейкүм! «Пародия» деген сөздің түп төркіні қандай?
Айдар, Алматы облысы
– Пародияны қазақтар сайқымазақ, келемеждеу деп түсінеді. Бұл – қате. Ол – елге белгілі елеулі азаматтарға арналатын әдебиеттің бір түрі. Қазақ «батыр болсаң, бопсаға шыда» дейді. Яғни, пародия деген сөздің қазақшасы – бопса.
– Сатираға келгісі келетін шәкірттеріңіз көп пе?
Сезім, Жаңаталап ауылы, Жалағаш ауданы, Қызылорда облысы
– Өнер – атаның қаны, ананың сүтімен келеді. Құдай саған дарын бермесе, қалай танымал тұлға боласың? Шәкірттерім баршылық, бірақ нағыз сатираның сай-саласында «сайтан» қуып жүргендер аз. Қазақта «жетектеп қосқан ит түлкі алмайды» дейтін жақсы сөз бар. Мұзафар Әлімбаев ағамыз «Құрғақ қиял қол байлайды» дейді. Қиялмен қияға шыға алмайсың. Әрекет керек. Жатқан түйенің аузына жантақ ілінбейді ­ғой. Жар басындағы жантақты жанынан безген түйе жейді. Сатира саласына із салам деген керемет құлшыныс болмаса, онда құр арман құрдымға апарады.
– Белгілі бір жасқа келгенде сатира жазу тоқтай ма?
– Бәлендей бір жасқа келгенде сатира сарқылады деуге болмайды. Әр сатирик әрқалай. 85 жасқа дейін өмір сүрген әлемге әйгілі түрік әзілкеші Әзиз Несин көз жұмғанша әзіл әлемінің өз биігінен төмендеген емес. Немесе сексеннен асқан Ғаббас Қабышұлы мен Үмбетбай Уайдиннің сарқылғанын көрдіңіз бе? Керісінше жастардан да күшті, жалынды. Қалжыңдары қауқарлы. Елу екі жасында дүниеден озған Оспанхан Әубәкіров те ешуақытта қолынан қалам тастаған емес. Бұл кісінің оспақтарын ел әлі күнге дейін сағынады. Осы жерде мысал айта кетейін. Жұрт Мәскеуде шығармашылық кешін жетпіс екі жасында өткізген ақын Нармахан Бегалиев пен Абайды салыстырып қарайды. Расында да Нармахан ағамыз Абай дәрежесіндегі талғамы жоғары, табиғи ақын. Айырмашылығы неде? Нар ағам қырық жасына дейін, Абай қырықтан кейін жазған. Яғни, ол белгілі бір жасқа келгенде поэзияны сарқылғандықтан емес, саф алтындай бағалағандықтан саябырсытты. Сол сияқты егер бойыңдағы бүкіл қуатың, сезімің түгелсе, атақ-дәрежең де ары қарай жүрмейді. Бір әйгілі жапон суретшісі көркем дүниені көкжиегінен асырып, шыңына шыққан уақытта «менің бұдан артық берерім жоқ» деп басқа кәсіппен айналысып кеткен екен. Жапондарда осындай жақсы үрдіс бар. Олардың ақындары да сондай. Біздер сияқты шаршағанша шаң жұтып жүрмейді. Бұны өнерге деген киелі құрмет деп білемін.
– Сықақ әңгімелеріңізді қай кездерде жазасыз?
– Мен сатираны орман-тоғайды аралап, өзен бойын жағалап жүріп жазамын. Ол кезде бар дүниені ұмытамын. «Бұны қалай қабылдар екен?!» деп өз-өзімнен күбірлеп, көз алдыма көрермендерді елестетемін. Бүкіл ойым сол шығармашылықта болады. Рахат дүние кешемін. Үйге келісімен сол сорғалаған, буы басылмаған бунақтарымды қағазға түсіре қоямын. Ұстазым әрі көршім Мұзафар Әлімбаев ағама кейде жазғандарымды жатқа оқып беретінмін. Сонда ол кісі: «Сен үстелде отырып емес, жүріп жазасың-ау. Өйткені жазуларыңнан даланың, еркіндіктің белгісі көрініп тұр» дейтін. Пушкин поэзия толғағы қысқанда ешқашан үстелінде отырмаған. Бөлме ішін шыр айналып жүріп шығармасын тудырған. Қадыр Мырза-Әлі ағамызбен көп араластым. Ол кісінің де стилі сондай. «Менің осы өлең арқылы айтпағым не, діттегенім немене?» деп әу бастағы идеяны дәптер жолының соңына бірінші жазып қояды екен. Содан басынан бастап сол ойын қуалайды. Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, Темірхан Медетбек ағаларымыз да жазарда оқырманға не ой тастағысы келетінін түйіндейтін сияқты. Міне, әдебиетке, оқырманға деген жанашырлық осы. Және бұл – үлкен жауапкершілік.
– Өсек пе, білмеймін. Аға, сіз жақында әке атанған екенсіз. Рас па?
Динара, Амангелді ауылы, Қостанай облысы
– Адамнан жасырғаныңмен, Алладан жасыра алмайсың. Бұл құпия дүние емес, тіптен той жасау керек. Мұндайда біздің қариялар «құдайдың бергені» деп бөркін аспанға лақтыратын. Бір баланың зәріне зар болып жүрген қаншама шаңырақ бар. Шүкір, мен баланың зары өтіп жүрген адам емеспін. Бірақ шешем он бала туған, алтын құрсақты батыр ана. Бұрынағы жылы 85 жасында өмірден өтті. Он баланың тұла бойы тұңғышы мен едім. «Балалы үй базар» дейді, базарлы жерге үйреніп қалғанмын. Сөйтіп алпыс бес жасқа келгенде ұлды болдым. Қуаныш деген ұлым, Сағыныш атты қызым бар. Балаларымның шешесі бөлек болғанымен, әкесі бір. Екі бауырдың арасы бір болсын, ұйқасып тұрсын деген ниетпен сәбидің есімін – Жұбаныш қойдым. Келіншегімнің ұлды болатынын түсімде көргенмін. «Сары бала туасың» деп айтқанмын, солай болды. Әйтсе де, әрбір сүрінгенімді бақытсыздық деп санамаймын. Бәлкім, менің шын бақытым сол жерден басталатын шығар. «Бірінші алған әйелің – жеңіп алған тумен тең, екінші алған әйелің – сұрап ішкен сумен тең» дегенді кім қалай түсінеді? Тоқалды тоқ адам алады. Менікі тоқтық емес. Тағдыр. Жазмыш. Қасиетті хадиске құлақ түрсеңіз ой тастайды. «Қандай әйел жақсы әйел? Күйеуі нені жақсы көрсе, соны жақсы көрген әйел – жақсы әйел. Күйеуі нені жек көрсе, соны жек көрген әйел – жақсы әйел».
– Қарттық шақтағы әкелік сезім қалай екен? Бұрынғы жас кездегімен салыстырғанда қандай айырмашылықты сезесіз?
– «Немере тәтті болады» деген сөзді жастайымыздан естіп өстік. Құдайдың берген ұлы мен қызын жас кезімізден мәпеледік. Ол уақыт та өзінше бір тәтті болды. Бірақ оларды қалай иіскегенім, қалай жақсы көргенім есімде жоқ. Енді немере сүйген жасыңда, онымен қоса өзің ұлды болып жатқан кезіңде мына құлыншағың немереден де тәтті болады екен. Пісіп жетілдің, сана-сезімің қалыптасты. Бұл ұлға деген сағыныш тіптен бөлек. Жанынан айналып бір елі шыққым келмейді. Осы жолы ертеңгі күні ұлымның болашағы қалай болар екен деп бірінші рет ойландым. Бұрын балаларым үшін бұлай қатты уайымға салынбаған едім. Жақында бесікті тербетіп отырып, «әй, балам-ау, құдай ғұмыр берсе, мектепке сені жетектеп барармын. Сонда «көке, сыныптағы балалардың барлығының папасы жап-жас. Сіз неге шалсыз?» деп сұрар ма екенсің?» деп ұлыммен қалжыңдастым. Бірақ бір танысым «Бала ондай сұрақты әкесіне қоймайды» деп сендірді. Бала әкесін шал деп емес, әке ретінде ғана көреді екен. Тұқым қуалап, құдай ғұмыр берсе, мен әлі жиырма жыл өмір сүретін сияқтымын. Ұлтымның және ұлымның болашағын қатар көргім келеді. Екеуіне деген сезімім, сүйіспеншілігім ерекше.
Тоқал алуыңызға ешкім қарсылық білдірмеді ме? Жеңгеміздің тарапынан өкпе-реніш болмады ма екен…
– Қазір баяғы замандағы апа-әжелеріміздікіндей психология бар ма? Әй, қайдам? Әйелдер күйеуін жекешелендіріп алған, ол құдды бір «недвижимость» секілді. Еркек жылжымайтын мүлік емес…

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№7 (217) сәуір 2016 жылғы санында. Тікелей байланыс
25 ақпан күні өтті)

Жазып алған Анар ДӘУКЕН

Пікір қосу