Осыдан екі-үш күн бұрын Алматыда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған «Алтын домбыра» айтысы өткен еді. Бұл жолы қазылар алқасының шешімімен бас жүлде – Алтын домбыраны Сыр сүлейі Мұхтар Ниязов иеленді. Алайда айтысты тамашалаған жұртшылық әділ қазылардың бұл шешімімен келіспей, наразылық білдірген еді. Мұхтар Ниязовтың жеңісі төңірегінде таусылмай жатқан дауға қатысты ақын Айбек Қалиев те пікірін білдірді. Бұл туралы Baq.kz жазады.
«Екі-үш күннен бері «Алтын домбыра» төңірегіндегі дау толастар емес. Екі жақты да түсінуге болады. Мен де екі оттың арасында екіұдай сезімде қалдым. Мұxтаржанның домбыраны алғанына қаншалықты қуансам, Ақбөкенімнің алмағанына соншалықты қынжылдым. Әлеуметтік желіде Мұxтардың атына қаншама әңгімелер айтылып жатыр, жол шынымен де Болатбектікі еді, бірақ Мұxтарда кінә жоқ қой. Мұxтарға жақсылық жасаймын деген кейбір қазылар, керісінше көрермен жұртты оған қарсы қойып қиянат жасап қойған сияқты. Мұxтар да, Болатбек те менің ең жақын араласатын, туғанымдай болып кеткен бауырларым. Екеуі де пендешіліктен жоғары тұрған азаматтар. Ақын деген бір ауыз жылы сөзге марқайып қалатын, бір ауыз суық сөзге жүрегі ауыратын жандар ғой. Сондықтан да екі дүлдүліміздің арасына кірбің түсіріп, жандарын жаралап алмайықшы, ағайын! Қазіргі айтыста шаппа-шап айтыста, суырып-салмалықта Мұxтардың алдына түсетін, жырының көркемдігі жағынан Ақбөкеннен озатын ақын жоқ. Екеуі де басы мен болып айтыс ақындары тарапынан мойындалып қойған. Елді бірлікке шақыратын «Алтын домбыра» айтысы осылайша ел арасына іріткі салатын болса, енді өткізбей-ақ қою керек шығар», — деп жазған ақын фейсбуктегі парақшасында.
Айта кетсек, ақындардың өнерін Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілов, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, «Дарын» сыйлығының лауреаты Мұхамеджан Тазабек, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев, «Дарын» сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы сынды танымал ақындардан жасақталған қазылар алқасы бағалады. Айтулы доданы айтыстың ақылманы Жүрсін Ерман жүргізді.