– Кәмшат, әңгімені «Хабар» телеарнасынан көрсетілген «Өгей жүрек» сериалынан бастағым келіп отыр. Өзіңіз басты рөлде ойнаған Бибігүл – өмірі қиындыққа толы тағдырлы әйел. Күйеуінің «көзіне шөп салғанына» шыдай алмай, өзіне қол жұмсап, ана болу бақытынан айырылады. Жалпы, мұндай образды ойнау қиын болмады ма?
– Түсірілім жұмыстары аяқталып, әңгімелесіп отырғанымызда Баян Мақсатқызы «сценарийді сені ойлап отырып жаздық» деген еді. Бұл сөзінің жаны бар. Себебі, Бибігүл екеуміздің мінезіміз өте ұқсас. Сондықтан болар бұл рөлді ойнауда аса қиналған жоқпын. Оның үстіне режиссер түсірілім барысында өзінің көзқарасын айтып, маған бағыт-бағдар беріп отырды. Мәселен, сериалда Бибігүлдің дауыс көтеріп, қатты ашуға бой алдыратын кездері бар. Сондай бір сәтте менің даусым қатты шығып кетсе керек, режиссер Ернар Нұрғалиев: «Кәмшат, сен базардағы сатушы әйелдің рөлінде ойнап жатқан жоқсың. Жай сөйле. Бірақ сөзің зілді болып шығуы керек», – деді. Яғни сериалдағы Бибігүл – сезімге бой алдырмайтын, іштей жинақы, байсалды, мінезді әйел. Және ештеңеден қорықпайтын батыл жан. Маған да оның осы қасиеттері ұнады. Ол өзінің армандарын, мақсаттарын жүзеге асыруда үлкен шешімдер қабылдап, батыл қадамдарға барады.
– Кейде сценарийдегі оқиға актердің өмірінде қайталанып жатады. Киноға түсерде осы жағын ойладыңыз ба?
– Жоқ. Бұл адамның ой-өрісіне байланысты сияқты. Егер актер ондай ойларды көңіліне алып, қорқатын болса, онда ештеңе істемей үйде отыруы керек. Жалпы, өнер адамы мұндай кертартпа ойлардан аулақ болғаны жөн. Әйтпесе, жұмысына кедергі келтіреді.
– Сериалда Бибігүл өзінен бірнеше жас үлкен, балалы-шағалы азаматпен көңіл жарастырып, тұрмысқа шығады. Осындай оқиғалардың болатынын білгенде «киноға түспеймін» деп бас тартпадыңыз ба?
– Керісінше сценарийдің мазмұнын, ондағы сан алуан шытырман оқиғаларды естігенде, басты рөлде ойнағым келді. Ал түсірілім басталған кезде «мені ешкім мазаламасын» деген мақсатпен барлық концерттерден, жобалардан бас тарттым. Өйткені сериалдың соңына дейін өз рөлімде алаңсыз ойнағым келді. Сөйтіп, бір ай бойы Бибігүл болып өмір сүрдім. Менің ойнауымдағы Бибігүлдің рөлі халықтың жүрегіне жеткен сияқты. Мәселен, сериал жарыққа шыққаннан кейін маған бір әйел: «Сіз ойнаған телехикаяны көріп отырып қасымда ұйықтап жатқан баламды құшақтап сүйіп-сүйіп алдым», – деп ризашылығын білдірді. Міне, осындай туындылар арқылы көрерменге титтей де бір ой салып, ізгілікке шақыратын болсақ, онда айтуға тұрарлықтай дүние жасадық деген сөз.
– Сериалда сүйісетін көріністер де бар. Осыдан кейін «жұрт мені жек көріп кететін шығар?» деп қорықпадыңыз ба?
– Егер орынсыз сүйіс болса, ойланар едім. Сериалда мұндай көрініс екі рет қайталанды. Бірақ екеуінде де орнымен болды. Біріншісінде, мен сериалдағы жұбайым болып ойнаған актермен сүйістім. Жастық шақты, ерлі-зайыптының арасындағы ыстық сезімді, махаббатты режиссер кәдімгі өмірдегідей көрсеткісі келді. Ал екіншісін түсірер кезде режиссер: «Мен бұл көріністі Азат екеуіңіздің жас алшақтықтарыңызға байланысты араларыңыздағы сезімді өте нәзік қып жеткізгім келеді», – деді. Режиссер өз мақсатына жетіп, ерлі-зайыптының арасындағы нәзіктікті, қамқорлықты, мейірімділікті, сыйластықты көрсете алды.
– Осындай сюжеттер үшін сізді көрермен жазғырып жатты. Кезінде «Тракторшының махаббатында» да осы жағдай қайталанды емес пе?
– Өнер адамдары халықтың сын-пікіріне үйреніп қалған. Мұндай пікірлердің айтылатынын алдын ала білгенмін. Бірақ, мен ешкімнің айтқан сынына жауап беріп, қарсы келмеймін. Өйткені біріншіден, өзгелердің көзқарасын, пікірін сыйлаймын. Екіншіден, барлық адамның көңілінен шығу мүмкін емес. Әркімнің психологиясы әртүрлі.
– Инстаграм парақшаңызға құшақ-құшақ гүлдермен түскен суреттеріңізді жиі саласыз. Тосын сый жасап, сіздің көңіліңізді аулағысы келетін жандар көп пе?
– Шүкір, көп. Мәселен, маған астаналық бір жанкүйерім апта сайын гүл жіберіп тұрады. Қайда барсам да, тіпті басқа қалада жүрсем де. Бірақ өкінішке қарай, ол адамның кім екенін әзірге білмеймін (жымиды).
– Өмірлік серігіңізді таптыңыз ба?
– Жоқ. Журналистер менен «қашан тұрмысқа шығасыз?» деп жиі сұрайды. Карьераны ойлап, тұрмысқа шығуды кейінге шегеріп жатқан ештеңем жоқ. Қалай өз бақытымды табамын, сол кезде тұрмысқа шығамын. Бірақ өмірлік серігім менің өнеріме түсіністікпен қарауы керек.
(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының
№22 (232) қараша 2016 жылғы санында)
Сұхбаттасқан Сәуле АБЫЛАЙ