Алматының «Қайрат» футбол клубы жартылай қорғаушы Георгий Жуковпен келісімшарт рәсімдеді. Үш елдің азаматтығы бар футболшы ресейлік «Уралдан» ауысып келді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
«Қарсы алыңыз, «Қайрат» футбол клубының жаңа ойыншысы Георгий Жуков үш жылдық келісімшартқа қол қойды. Құжатта футболшының Қазақстанның ұлттық құрамасы үшін ойнау шарты да қарастырылған», — деп жазды клубтың бақылаушы кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев.
Айта кетсек, бұған дейін 22 жастағы жартылай қорғаушы ресейлік «Урал» клубында ойнаған. Семейдің тумасы Жуков бала кезінде Бельгияға көшіп кеткен. Сол жерде «Беерсxота» мен «Стандард» клубтарында өнер көрсетті. Ал 2013 жылы елге оралып, «Астана» клубында екі жыл ойнады.