– Құпия болмаса, екеуіңіз қалай танысқан едіңіздер?
– 2009 жылы «Таң қалмаңыз» бағдарламасында таныстық. Олжас сол бағдарламада режиссердің көмекшісі болып жұмыс істейтін. Ал мен жүргізуші болатынмын. Бір күні ол маған: «Сіз бүгін ерекше әдемісіз», – деді. Сол кезде ғана мен оған назар аудара бастадым. Бұған дейін оны байқамаппын. Сол күні кешке Олжас­тан «Мадина, сізге гүл шоғын тарту етсем деп едім. Қолыңыз бос па?» – деген смс-хат келді. Мен «жарайды» деп келісімімді бердім. Есік алдына шықсам, аппақ раушан гүлдерімен тұр екен. Сол кезден бастап ол менің жанымнан табылатын болды.
– Алғаш рет сезімін қалай білдірді?
– Сол күні-ақ ол маған: «Мадина, сен менің қалыңдығым боласың. Бірақ мен сені тойымызда кекілсіз елестетемін», – деді. «Мына кісі не деп тұр?! Қалыңдығы болғаны несі?!» деп түсінбей қалдым. «Мүмкін, әзілі шығар» деп те ойладым. Өлең жазатын өнері бар екен, кейінірек өлең жазып жіберетінді шығарды. Жасырып қайтемін, өлеңдері жүрегімді елжіретіп жіберетін. Содан бастап екеуміз кездесіп, әңгімелесіп, киноға баратын болдық. Кейде Олжастан көп ақыл-кеңес сұрап, тіпті бітпейтін бір шаруаларымды айтып, өтініш жасайтынмын. Ол өтініштерімді орындауға тырысатын. Сол кездері ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқып жүр едім. Диплом қорғайтын күні Олжас көмектесіп жанымда жүрді.
– Әріптесіңіз, әнші Карина Абдуллина «Танымал әйелге өз жартысын табу – қиынның қиыны» деген еді. Сізге өмірлік жарыңызды табу қиын болды ма?
– Біз – әйелдер бақытымызды алыстан іздеп, сарыла күтіп уақыт жоғалтамыз. Ол сенің жаныңда жүруі де мүмкін екен. Мен де «сыңарым қайда жүр?» деп ұзақ күттім. Сөйтсем, қасымда жүріпті. Құдайға мың да бір тәубе, ең бастысы, бақытымды уақытында бағалай білдім.

madina
– Сіздің атыңызға, танымалдылығыңызға қызыққан азаматтар көп болған шығар? Неге Олжасты таңдадыңыз?
– Себебі өмірлік серігім Олжас екенін сездім. Ол мені таза, шынайы махаббатымен баурап алды. Ал қазір Олжассыз, Әнуарсыз өмірімді елестете алмаймын. Ол – мен үшін әлемдегі ең керемет жар және ең керемет әке!
– Әйел адам жарының әрдайым өзіне көңіл бөліп, жылы сөз айтқанын қалайды. Олжас сізге жиі-жиі сыйлық жасап тұра ма?
– Иә, гүл сыйлау оған дәстүрге айналған. Бірақ оның бір өтініші бар: «Менің гүлімді құшақтап тұрып суретке түсіп, «күйеуім маған гүл сыйлады» деп инстаграмға салмашы», – дейді (күлді).
– Ал үйленбей тұрғандарыңызда ше?
– Бірде өзіме әдемі хрусталь құмыра сатып алдым. Бір күні Олжас та құмыра сыйлады. Сыйлығын үйге келген соң қарасам, менің сатып алған құмыраммен бірдей екен. Сол кезде біздің көзқарасымыздың, талғамымыздың бірдей екеніне таңғалдым. Үйленбей тұрған кезде де ол маған гүл, ойыншықтар жиі сыйлайтын.

ol
– Әншісіз. Оның үстіне жолдасыңыздан бірнеше жас үлкендігіңіз бар. Енеңізбен танысарда жүрексінген жоқсыз ба? Жалпы, ол кісі сіздердің үйленулеріңізге қарсы болған жоқ па?
– Елдің алдында жүргеннен кейін әртүрлі пікірлер айтылады. Инстаграмдағы парақшама «Мадина тәкаппар, менменшіл, қылықтары жасанды» деп жазып жатады. Мұндай пікірлер менімен сөйлесіп, араласып көрмегеннен кейін айтыла беретін шығар деп ойлаймын. Қылықтарымды ойдан құрап жасамаймын немесе біреуге еліктемеймін. Өмір бір-ақ рет беріледі ғой, жасандылықты қайтпекпін?! Міне, осы сияқты пікірлер, сөздер мамама да айтылған шығар, кім білсін?! Шыны керек, алғаш танысар кезде Олжас та, мен де қатты толқыдым. Көзбе-көз сөйлесіп, әңгімелескенде ғана ол кісі біздің бір-біріміз үшін жаратылған адамдар екенімізді түсінді. Қанша дегенмен өмірді көрген кісі ғой. Қайын атам Олжастың тоғыз жасында қайтыс болыпты. Бұл өмірде өз бақытыңды табу оңай емес екенін мамам жақсы біледі. Біздің бақыттан бал-бұл жанған жүзімізді көргеннен кейін жас ерекшелігіміз болсын, басқа елдердің қаңқу сөздері болсын мән бермеді деп ойлаймын. Әрине, біздің болашағымыз қалай болатынын уақыт көрсетеді. Бірақ мен ертеңімнің жарқын, жақсы болатынына сенемін.
– Тыңдармандарыңыз тарапынан жасалатын сый-құрметке, қошеметке жолдасыңыз қалай қарайды? Қызғанбай ма?
– Ол менің әнші екенімді біледі. Өзі де әртістермен жұмыс істейді. Ондай сыйлықтарды елдің менің шығармашылығыма деген құрметі деп түсінеді. Мүмкін, ішінен қызғанатын да шығар. Бірақ білдірмейді.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№11 (197) маусым 2016 жылғы санында)

Сұхбаттасқан  Самал Әдіген

Пікір қосу