Батырбек ШАУЛЕНОВ — Ақтөбе қаласының тұрғыны, жеңімпаз.

– Батырбек аға, мен «Жұлдыздар отбасы» журналынан хабарласып тұрмын. Сіз олжалы болдыңыз…

– Мен шынымен де жылқы ұтып алдым ба? Сіздерге көп рақмет!

– Өзіңіз күтпеген сияқтысыз ғой…

– Расында күткен жоқпын. Бірақ жыл сайын қос журналға жазылып, ұтыстарыңызға қатысып тұратынмын. Ұтқан кісілердің сұхбатын көрген сайын, іштей «бізге де бұйырса екен» деп тілеп жүретінмін. Осы жолы да жақсы үмітпен жіберіп едім. Дәл қазіргі қуанышымды сіздерге сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Төбем көкке жетіп, қатты әсерленіп тұрмын.

– Ұтыс өткен күні қайда болдыңыз, «маған бұйырып қалар ма екен?» деп үміттенген жоқсыз ба?

– Ойынның қай күні болатынын ұмытып кетіппін. Сол күні өзім пойызда келе жаттым. Үйдегі кішкентай қызыма арнап пойыздағы зат сатушылардан құрастыратын ат сатып алдым. Енді міне, сіздер хабарласып, қуанышты жаңалықты айтып жатырсыздар. Мұның өзі сәйкестік қой.

– Не себепті біздің журналдарға жазылдыңыз?

– Қандай да бір ұлттың сөзін айтатын басылым шықса, жазылып, оқып тұрамын. «Жұлдыздар отбасы», «АҢЫЗ АДАМ» журналдарына да сол себепті жазылдым. Қос журналдан көптеген құнды материалдар оқимыз. «АҢЫЗ АДАМ» журналынан тарихи тұлғаларымыздың өнегелі өмірлерін біліп отырамыз. Өсіп келе жатқан балаларымызды тәрбиелеу үшін журналдарыңызға жазылдым.

– Қуаныштарыңызды қалай атап өтпексіздер?

– Батыс өңірінде 14 наурыздан бастап ағайын-туыс бір-бірімен көріседі. Осыған байланысты ақсақалдың он ұлы бүгін біздің үйге жиналғалы жатыр едік. Біздер соған дастарқан жайып, дайындалып жатқанбыз. Енді міне, қуаныш үстіне қуаныш қосылды. Бұл да болса Құдайдың бұйыртқан сыйы ғой.

Сұхбаттасқан Жақсылық Ырысбай

Пікір қосу