Қазақстандық модель және актриса Зарина Тотаева Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласында 16-26 қараша аралығында өткен «World Beauty Queen» халықаралық сән байқауының бірінші Вице-Мисі атанды. Бұл туралы Зарина Тотаеваның өзі «ҚазАқпарат» тілшісіне айтып берді.

Байқауға 30 елден сұлулар қатысқан. Бас жүлдені  болгариялық жеңіп алса, екінші орынды қазақстандық  (1-ші Вице Мисс, «World Beauty Queen»), үшінші орынды Тайландқа жақын Так аралының сұлуы иеленді. Сондай-ақ, Зарина Тотаева «Бикини Топ 5-не» де енген.

«Байқаудан мен ұмытылмас тәжірибе жинадым. 10 күн бойы біз Сеулдің атақты Гангнам ауданындағы 5 жұлдызды қонақ үйде болдық. Сол күн аралығында біз қыздармен достасып кеттік, соңында қимай қоштастық. Байқау бағдарламасы өте қызықты болды. Біздерге қаланы көрсетті, корей асханасымен таныстырды, түрлі фотосессиялар өтті. Финал бірнеше кезеңге бөлінді. Онда ұлттық киімде, суда жүзу киімінде, кешкі салтанатты киімде өзіңді көрсету қажет болды. Содан кейін, «Топ-12», «Топ-5» үздіктері іріктелді. Мұндай байқуға 5-ші рет қатысып отырсам да, ақтық сында қатты толқыдым. Елімнің намысын қорғап отырғандықтан, барлығының жақсы болғанын қаладым. 1-ші вице-мисс атағын бергеніне қуаныштымын. Финалда болгариялық қыз екеуміз ғана қалғанда толқығанымды білсеңіз. Бір-біріміздің қолымыздан ұстап алдық, екеуміздің біреуіміз мисс болатынымыз анықталып жатыр… Оның жеңімпаз атанғанына қуандым. Ол қыз шынымен де соған лайық», -деді Зарина.

Бұл — Зарина қатысып отырған 5-ші сұлулық байқауы. Ол өткен аптада Нью-Йоркте өткен сән апталығына қатысқан. Онда 26 дизайнердің туындысы таныстырылды. Сондай-ақ, KFW-2016 қорытындысы бойынша «Үздік модель» атағына да ие болған.

Пікір қосу