Бүгін менің шынайы махаббаттың бар екеніне көзім жетті. Бұл қалай болды дейсіз ғой?! Мен мұны Ғафу Қайырбеков туралы мәліметтер үшін үйіне барғанда ақынның жары Бәдеш Хамзақызымен танысып, дастархан басында ол кісінің жарына деген сезімге толы, сағынышқа толы естеліктерін тыңдай отырып, түсіндім…

Пойыздағы таныстық

Мектеп бітірген соң, Бәдеш апа Шолақсай ауданында 2 жыл мұғалім болып қызмет істейді. 1946 жылы аттестатын алғаннан кейін пойызда 10 күн жүріп Алматыға білім іздеп келеді. Бұл қалада Мәриям Хакімжанованың үйіне тоқтайды. Ол кісі – Бәдіш апаның нағашы әпкесінің қайынсіңлісі. Алматыда бір жағынан мектепте сабақ беріп жүріп, бір жағынан Түрген педогогикалық училищесіне 3-курсқа қабылданған сұлу 1948 жылы Қыздар педогогикалық институтына оқуға түседі. Сол ІІІ курсты бітіріп, ауылға барып-қайтып келе жатқан кезінде пойызда жанында Асау мен Әмірғали бар Ғафу ақынмен танысады.

Махаббат дерті

Бәдеш сұлумен танысқаннан кейін Ғафу ақын ғашықтық дертіне шалдығады. Ол туралы апа ерекше тебіреніспен баяндады:

«Ғафудың жанында Асау мен Әмірғали деген достары болды. Үшеуі де Каспий университетінде оқитын. Біреуі математика, біреуі география факультетінде, Ғафу филологияда оқыды, Сталиндік шәкіртақының иегері болды. Бәріміз де Торғайдың тумалары болғаннан кейін менен екі жас кішілігі бар Әмірғали маған «Апа» деп, еркелейтін. Жастар киноға барсақ та, отырысқа барсақ та сол Әмірғали мені жатақханаға дейін шығарып салып жүрді. Ғафу қалып қояды. Содан бір күні қызық болды! Мемлекеттік емтиханның алды болатын. Әмірғали келіп тұр, ол Ғафуды «Қақаң» дейді, барлық Торғайлықтар солай атады: «Апа, Қақаң  ұйықтамайды, аһылайды-үһілейді. Мемлекеттік емтихан болса келе жатыр. Қанша жақсы оқыса да, дайындалуы керек қой. Тамақ ішпейді. Сіз бізбен бірге жүріп, шәй ішіңізші»-, деді. Ештеңе ойымда жоқ, ауырып жатса барайын деп бардым. Барсам, Ғафу үстіне ақ көйлегін, костюмін киіп алыпты, қарсы алып, бетімнен сүйіп жатыр. Дастархан жайып қойыпты. Тамақ ішіп отырып, сені ауырып жатыр деп еді,  ұқсамайсың ғой деп күлдім, ол жымиып қана қояды. Содан мен қайтуға жинала бастасам, Ғафу төсегіне барады да, жата кетеді. Ішімнен шынымен ауырып жүр екен ғой деп ойлап қоямын. Ол кезде келіскен ештеңеміз жоқ. Бұл қосылардан 3 ай бұрын еді». Содан Әмірғали апта сайын сөйтіп келіп тұратын болған. Ақынның сол кездері туған бір өлеңі осы болса керек:

Кешір, маған, жас сұлу,

Кешір жастық өмірде.

Шын жүрекпен сөйлесу,

Әзіл емес ол мүлде.

 

Кешір, жарқын жүзбенен

Не қалса да есіңде.

Бірақ сені өзгеден

Қызғанышымды кешірме!

Сезім жүгін арқалаған өлеңдер

Осылайша көңілі кеткен Ғафу ақын бір күні  Бәдеш арудың күнделігін сұрап алады. Бірнеше күннен кейін ішіне өзінің сезімінен сыр беретін өлеңдерін жазып әкеліп береді. Ол күнделікті оқыған Бәдеш апаның құрбылары «О, бұл жігіт сенің соңыңнан қалмайды. Саған өлердей ғашық екен ғой өзі!»-деп айтады екен.

Бәдеш апа осы туралы айтып отырып, күнделігін көрсетті. Ішінде Ғафу ақынның шынайы сезімінің куәгері болып, қаншама сырлы өлең жазылған. Қолына күнделігін алғанда ақын жары жастық шағына оралғандай болып, жүзінен ерекше бір жылылық жүгіріп өтті: «Сендерге Ғафуымның өлеңдерін оқып берейінші. Мынау «Астанада көшесі бар Гогольдің» деген өлеңі ғой. Біздің институт Гоголь көшесінде орналасқан. Маған келіп жүрген кезде жазғаны:

Астанада көшесі бар Гогольдің,

Астанада қызыл гүлдей жарым бар.

Сол көшемен мендік бақытты өмірдің

Сол жарыммен қыдырған бір шағы бар…

Астанада көшесі бар Гогольдің,

Алыс жүрсем келеді көз алдыма.

Сол көшеден жұлдыз болып көріндім,

Кешкі ауада мені тосқан жарыма».

Осы өлеңді оқып отырып, Бәдеш апа толқып кетті. Жүзі алабұртып, жанарынан жарына деген, азаматына деген сағынышы сезіледі. Сосын бір нәрсе есіне түскендей: «Астанада көшесі бар Гогольдің» демекші, осы өлеңнен кейін Қабдеш аға Жұмаділов кейін біз отау құрғаннан кейін үйімізге келгенде маған «Әй, Гоголь көшесі, қалың қалай?» деп әзілдейтін»- деп Бәдеш апа емен-жарқын күлді.

Осылайша қанша жігіттің көзі түсіп жүрген Бәдеш сұлудың жүрегіне Ғафу аға ақындығымен, ерекше сабырлылығымен, ақылдылығымен жол тапқан екен. Ақынның ақылдылығы туралы Бәдеш апа: «Ғафу институтта оқып жүргенде, тіпті ректорының өзі онымен ақылдасып, Ғафу, осыған не дейсің, деп, ойымен санасып отырады екен»,-деп еске алады.

Сыйластық сыры

Ғафу ақынға тұрмысқа шыққаннан кейін Бәдеш сұлу оқуын үздік аяқтап, кандидаттық қорғайын деп тұрса да, жарының алға шыққанын қалайды. Ол туралы: «Мен оқуда жақсы болдым. Академияда жүргенде кандидаттық тақырыбыңды тастама, қорғап ал дегендер болды. Бірақ менің азаматымды шығарғым келді. Екеуіміз де жетімбіз, екеуіміздің біріміз шығайық дедім. Әйел адам керемет болғанда қайда барады, өзімді ойламай Ғафуды адам қылғым келді»- дейді ақынның жары. Сөйтіп Бәдеш апа жарының шығармаларын мәшеңкеге бастатын көмекшісі де, алғашқы оқырманы да болады. Ғафу аға жарына тек «жазып қойдым» дейтін. Онысы – тере бер дегені. Сондай кезде өлеңдерін теріп отырып, бір шумақта жазылған сөздердің келесісінде қайталанғандарын байқап қалса Бәдеш апа  «Мына жерің мындай екен» деп ешқашан сын айтпаған екен. Жаймен ғана «Мына жерін оқып берші» деп өтінеді. Сонда Ғафу аға өзі оқып отырып, жаңағы қайталауларды лезде сол жерде өзгертіп береді.

Шынында да, мен Ғафуға қарсы шығып көрген емеспін»-дейді Бәдеш апа. Жастарында тек 3 ай ғана айырмашылық болып, қанша тете болып тұрса да, ақын мен жарының арасындағы сыйластыққа сызат түсіре алмаған. Оған себеп бір жағынан жұбайлар арасындағы махаббат болса, екінші жағынан күйеу бала мен ененің арасындағы сыйластық болса керек.

«Біз қосылғаннан кейін анамды қолымызға алдық. Сонда анам екеуінің арасындағы сыйластық ерекше болды. Ғафу кейде қызыңқырап, үйге кеш келгенде анамның бөлмесінің есігі жабық тұрса да, ауызын алақынмен жауып, сыбырлап қана маған айран әкеліп берші дейтін. Анамның есігі жабық тұр ғой десем де, бөлмеге қарай аяғының ұшымен, дыбысын шығармастан кіретін. Ешқашан оның алдында өзін ерсі ұстаған емес, сырттан келгенде сырт киімін өзі шешіп алатын. Соған сай Ғафуды анам Қаутай деп еркелетіп атады. Кейде тіпті маған қарағанда Ғафудың сөзін сөйлеп кететін де кездер болатын»,-деп күлді Бәдеш апа.

— Мен де ешқашан Ғафуға қабағымды шытып қараған емеспін. Қай уақытта қонақтар ертіп келсе де, дастархан жайып күтетінмін. Анам ырымдап үлкен ақ дастархан әкеліп еді, шынымен де үйімізден қонақ үзілмеді. Барлық ақын-жазушы ағалар болды үйімізде. Қарап отырсам, біздің дастарханнан Мұхтар Әуезов қана дәм татпапты ғой. Ағалардың барлығы мені жақсы көрді. Барлығы Бәдеш қайда деп мені іздеп, табақ тартылғанда құлақты маған беретін. Соның бәрі Ғафуды сыйлағандары емес пе?!»

Сұхбат соңында апамыз «Сендерге де менің жарымдай жар жолықтырсын Жаратқан!» деп батасын берді. Ғафу мен Бәдеш махаббатына қызыққан құрбым екеуіміз жарыса «Әумин!» деппіз. 

Cұхбаттасқан Әсел Сарқыт

Пікір қосу