«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі — ӘМСҚ) Басқарма төрайымы болып Елена Бахмутова сайланды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 22 қарашадағы №101 бұйрығында жазылған, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Елена Бахмутова осыған дейін ҚР Ұлттық банкінің қаржылық бақылау департаментінің директоры, ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау агенттігінің төрайымы қызметтерін атқарды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болды. 2012 жылдың қаңтарынан бастап Елена Бахмутова «Самұрық — Қазына» (бұдан әрі — Қор) басқарма төрағасының орынбасары, 2016 жылдан бері басқарушы директор-басқарма мүшесі болып қызмет істеді, Қордың қаржылық тұрақтылығы, корпоративтік қаржы, инвестициялық және бюджеттік саясат салаларына жетекшілік етті.
Айта кетейік, мемлекеттік және қоғамдық қызметі үшін Елена Бахмутова «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Астана» және «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдерімен марапатталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатын алған.