– Қарсы болмасаңыз, сұхбатымыздың сарынын жеке басыңызға қарай бұрсақ… 

– Жеке өмірімнің басқа адамдардың өмірінен еш өзгешелігі жоқ. Балаларым өсіп жатыр. Екі ұлым да дзюдомен айналысады. Үлкен ұлым Эльдардың жасы онда. Жақында жарысқа қатысып, қола жүлдеге ие болды. Бұл жарыс оның өміріндегі ең алғашқы сайыс болғандықтан, қолдау көрсету үшін бүкіл отбасымызбен бардық. Сондағы менің айқайлағанымды көрсеңіз, тамағым жыртылып кететін шығар деп ойладым (күлді). Кіші ұлым Альтаир небәрі сегіз жаста болса да, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Бос уақытымды барынша балаларыма арнауға, оларды қалай жақсы көретінімді жеткізуге тырысып бағамын.

– Қашанда қызу жұмыс үстінде жүресіз. Балаларыңызға кім қарайды?

– Әйел адам үшін ең маңызды жоба – оның отбасы. Кез келген табысты жобаның да бір уақытта аяқталары анық. Одан естеліктер мен өкініштерден басқа еш нәрсе қалмайды. Ал отбасы атты жоба ақтық демің үзілгенше жалғасын табады. Егер менің ата-анам болмағанда, мен бұл жерде отырмас па едім?! Олар – бар өмірлерін немерелеріне арнаған жандар. Әкем балаларды мектепке, жаттығуларына апарып, алып келсе, анам тамақтарын дайындайды, тазалықтарына көңіл бөліп, арасында бірге доп та тебеді.

– Басқа балаларыңыз туралы да айтып беріңізші. Өнерге бейімдері бар ма?

– Линда есімді қызым менің жолымды қуған. Өз-өзіне сенімді, өжет қыз. Бүгінде жақсы актрисалардың бірі. Мәскеуге қоныс аударғанына бес жылдың жүзі болып қалды. Линдамнан көрген Альрамир атты сегіз жасар немерем де сол жақта өсіп жатыр.

– Кіндік қаныңыз тамған туған жеріңіз бен дүние есігін ашқан жылыңызды айтсаңыз?

– Алматы қаласында, керемет жылы дүниеге келдім. Қай жылы туылғанымды жасымды жасыру үшін айтпай отырған жоқпын, осылай жауап бергім келеді.

талғат– Жақсы. Сіздің талантты актер, марқұм Талғат Нығматулиннің жары болғаныңыз көпке аян. Талғат аға екеуіңіз қалай танысып едіңіздер?

– Талғат екеуміз “Қасқырдың апаны” фильмінің түсірілімінде танысқан едік. Ол кезде кино әлеміне енді-енді қадам басқан жас қыз едім. Бала кезімде медицина маманы болуды армандайтынмын. Сондықтан кино әлеміне ойда-жоқта келдім десем де болады. Әртіс болғысы келетін құрбым “Қазақфильм” киностудиясында аталмыш фильм­ге іріктеу жүріп жатқанын естіп, бармақ болды. Менен қасына еріп баруымды өтінді. Мен ұялшақ, тұйық қыз едім. Алайда қызық болғанда, әлгі іріктеуден мен өтіп кеттім.

– Ұзын құлақтан естуімізше, сіздің қазіргі күйеуіңіз танымалдығы өзіңізден кем түспейтін актер Евгений Жұманов екен. Бұл әңгіменің қаншалықты шындық екенін өз аузыңыздан естісек…

– (Күлді.) Женя екеуміз “Тоғысқан тағдырлар” телехикаясында 5 жыл бірге жұмыс істедік, бір-біріне ғашық жандардың рөлін сомдадық. Бірақ өмірде тек қана жақсы достармыз. Бір күні Женя екеуміз дайындықта отырғанымызда маған бір ой келді. “Женя, неге ел арасында біз туралы өсек-аяң жоқ? Телехикаямызға қандай да бір жарнама керек. Сондықтан екеуміздің арамызда достықтан да биік сезім бар секілді етіп сыбыс таратайық. Жұрттың біз туралы сөзі арқылы “Тоғысқан тағдырларға” да назар аудартамыз” , – деп қалжыңдағанмын. Одан кейін біраз уақыт өтті. Бұл әңгіме ұмыт та болған. Сіздің мына әңгімеңіз мен үшін жаңалық болды. Жұрттың екеумізді үйлендіріп қойғанын Женяға міндетті түрде айтамын. Жалпы, халықтың мен туралы сөз қозғайтындарына, менің өмірімнің оларға қызық екеніне қуанбасам, ренжімеймін. Тіпті жыл сайын әріптестеріме: “Шәкен жұлдыздарында” неге бірде-бір жұрт назарын аударатын шулы оқиға жоқ? Тез арада бір шулы оқиға ойлап табыңдар!” – деп күлемін. Осы жылы әділқазылар алқасының “Бұл фильм фестивальға жарамайды!” дегендеріне қарамастан, атышулы бір фильмді әдейі фестиваль бағдарламасына ендірдім. Фильмді тамашалаған адамдарда сан түрлі пікірлердің туары сөзсіз. “Все умрут, а я останусь!” деп аталатын бұл қорқынышты фильм қазіргі жастар жайында түсірілген.

– Сонымен екінші рет тұрмысқа шықтыңыз ба?

– Шықтым. Олай болмаса, балаларым дүниеге қалай келер еді?! Ол адам жайлы мен ешқашан тіс жарып айтқан емеспін. Жеке өмірімнің кадрдың сыртында қалғанын қалаймын.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№11 (52) Маусым 2009 жылғы санында)

Сұхбаттасқан  ӘЙГЕРІМ САМАЛБЕКҚЫЗЫ

Пікір қосу