91

Алматы қаласы «Алматы Аренада» 16 қарашада өткен «Жыл таңдауы» жобасында Ninety One тобының бұл жолғы өнері өзгеше болды. Эстрадамыздағы даулы топ концертке  сырғасыз келіп, би билемей қойды. 

Олардың өнер көрсету сәті бүгін Youtube желісінде пайда болды. Видеода топ мүшелері сахнаға шығып, «Қалай қарайсың» әнін орындады. Бірақ, көрерменін әдеттегідей биімен қуантпады. Концертте топтың мүшелері қара киім киіп, бір орында тұрды.
Ал осы кеште жүргізушілердің бірі Ләйла Сұлтанқызының топ мүшелеріне «сырға, би, бояу қайда?» деген сұрағына,  орындаушылар «бәрі үйде» деп әзілмен жауап қатты.

Топ мүшелерінің бұл әрекетін әлеуметтік желі қолданушылары өздерінше талдауда. Бірі мұны қасақана жасалған наразылық дейді. Тағы бір тыңдарманның пікірінше, даулы топ бұл әрекетімен отандық эстраданың шоу жасамайтынын қайталап берген. «Бұл біздің эстрададағы деңгей: сахнада дым болмағандай тұрып, «фанераға» ән салу! Жарайсыңдар, жігіттер!», — дейді тыңдармандардың бірі.

Ал топтың продюсері Ерболат Беделханның жұбайы бұған қатысты Instagram желісінде пікір білдірді. «Үнсіздікті елемеу деп, салқынқандылықты әрекетсіздік деп, жақсылықты әлсіздік деп ойламау керек. Қымбатты EagleZ, хореография сіздерге ұнады ма? Жігіттерге бір орында тұру өте қиын болды», — деп жазды Асыл Беделхан.

Пікір қосу