Актер, ҚР халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың айыпталуына қатысты бірнеше өнер адамдары өз пікірлерін білдірді.
Байғали Есеналиев ,актер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
«Әділет пен шындық дейтін қос жетім, теңдік сұрап барар жері қалған жоқ»,-деген Ғ.Мүсіреповтың сөзі есіме түсіп отыр. Тұңғышбай аға қазақ өнерінің мақтанышы ғой. Мұншалықты қаталдықтың астарын түсіне алмадым. «Біреулерді оғы жоқ боп атарға, Біздер жүрміз қатерлі бір сапарда» -деп айтатын Есенқұлдың сөзіне жазылған ән ойымнан кетер емес. Бірақ, мынау қоғамға көрсетіп отырған сес сияқты ма қалай? Тұңғышбайды қамауға алу оның елі үшін еткен еңбегін жоққа шығара алмайды ғой! Ертеңгі ұрпақтың бетіне қалай қараймыз!?
Қадырғали Көбентай, актер, композитор, бард әнші, ҚР Мәдениет қайреткері:
Мұның барлығы қолдан жасалып отырған дүние. Тұңғышбай Жаманқұловты қаралау үшін жасалып отыр. Бұның атын «заказ» дейді. Мәдениет министрі Арыстанбектің ісі бұл.Тұңғышбай ағамыз бұның алдында министрді жемқорлықпен айыптаған. Өз басын арашалап қалу үшін Арыстанбек осылай жанын салып жатыр. Әйтпесе бұл жерде ешнәрсе жоқ. Мен Тұқаңды жақсы білем ғой. Қатты араласам әрі ұстазым.
Дәулеткерей Кәпұлы, ақын:
Қазақтың қара нары ретінде танимын. Өнерде үлкен орыны бар кісі. Осы мәселеде байыбына бармай тұрып ештеңе айта алмаймын. Біз тек ол кісіні теледидардан, сыртынан ғана көріп жүрміз. Сондықтан, айтарым жоқ. Алдында жоғары жақпен келіспегені туралы шет жағасын естігенмін. Не үшін ұсталғанын, ары қарай не болатынын нақтысын білмеймін.
Еске сала кетсек, 2 қараша күні Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бюросының хабарлауынша, «Феникс» фильмі үшін бөлінген қаражаттың 69 миллион теңгесін жымқырды» деген айып Тұңғышбай Жаманқұловқа тағылған болатын.