Қазақ эстрадасының жұлдызы Ақылбек Жеменей кубалық әнші Исаак Реалмен бірге «Қызыл өрік» әніне бейнебаян түсірді, деп хабарлайды Baq.kz.

«Жұлдыз ФМ» радиосындағы «Таңғы Шоу» бағдарламасы мен СТВ телеарнасында жаңа бейнебаянның тұсауы кесілді. «Жұлдыз ФМ» радиосының бағдарламалар директоры Жасұлан Қалидің айтуынша, той-томалақтардың көрігін қыздырып жүрген «Қызыл өрік» әнін Ақылбек Жеменей кубалық әнші Исаак Реалмен орындаған.

Кубалық әншінің продюсері Жамила Тұрғамбаеваның айтуынша, көпшілікке таныс әнге бейнебаян түсіруді Ақылбекке Исаактың өзі ұсыныпты.

«Ол қазақ мәдениетін өте қатты жақсы көреді. Алматыда тұрған 4,5 жылдың ішінде бұл әннің қазақтарға ұнайтынын талай рет байқады. Әнге өзі де ғашық болып қалды, сондықтан бірге шырқағысы келді», — дейді продюсер.

Тұрғамбаева клиптің латынамерикалық стильде түсірілгенін атап өтті. Продюсердің айтуынша, түсірілім жұмыстары қиынға соқты, алайда бейнебаян бір күннің ішінде түсірілген. Қазір 29 жастағы кубалық әнші қазақ тілін үйреніп жүр екен.

Пікір қосу