– Асхат аға, репертуарыңыздағы «Мария, арман едің» – Италияның, «Қарындас» – гректің, «Сен мені ойламадың», «Еркелетіп алдым ба?» – қарақалпақтың әндері. Неге өзге елдердің әуендеріне тым құмарсыз? Әлде өзіміздің композиторларға көңіліңіз толмай ма?
–«Сен мені ойламадың», «Еркелетіп алдым ба?» – Шыраз Нұратдинов деген Қарақалпақстанда тұратын қазақ бауырымыздың әндері. Бұл әндерді автордың өз рұқсатымен орындап жүрмін. Ал «Мария, арман едің» – өздеріңіз білетіндей көне ретро ән. «Қарындас» – гректің әні, әуені ұнағандықтан Ринат Зайытовқа қазақша сөз жаздырып орындадым. Репертуарымдағы тек 3-4 ән ғана – плагиат, қалған әндер өз еліміздің сазгерлеріне тиесілі.
– Сондай-ақ «Биле, жеңге» әніңіздің авторынан рұқсат алмай, ән мәтінін өзгертіп айтып жүр екенсіз…
– «Биле, жеңгені» қазалылық Әбіш Романов деген азамат 1997 жылдары өз жеңгесіне арнап шығарған екен. Мен ол кісіні танымағаннан кейін досы, ақын-сазгер Шымберген Сүлейменовке хабарластым. Өзім де автормен бірауыз тілдестім. Бірақ «Бұл әнді Шымкенттің әншілеріне беріп қойып едім. Кішкене күте тұр, олармен сөйлесейін» деп жылы жауып қоя салды. Содан қайта Шымберген ағаға қолқа салып: «Шәке, ол кісінің әнін бұрыннан айтатын едік, алып беріңізші», – деп өтініш айттым. Бұл жолы Шымберген аға: «Сөйлестім, әнді айта бер. Өзімнің досым, бауырым, келістіріп беремін», – деді. «Сөзін өзгертейін» дегенімде, қарсы болмады. «Толықсиды жеңгем, үйге жаңа енген» деп келін түскенде айтатын тұсын мен жалпы жеңгелерге арнағым келді. Сөйтіп, сөзін «Биле-биле, жеңгем, ортаға кел бермен» деп ақын Ершат Қайболдинге өзгерттім. Орындап шыққаннан кейін Әбіш ағамыз: «Сөзін өзгертіпсің ғой», – деп реніш білдірді. «Әбеке, тек үйлену тойда ғана емес, басқа тойларда да орындасам», – деп түсіндіргенімнен соң ағам келісті, риза болған да сияқты. Өйткені маған дейін біраз әншілер орындаған екен, бірақ дәл бұлай кең қанат жайып танылмаған болатын. Халыққа осы нұсқасы өтімді болды. Сондықтан бұл ән өз орнын тапты деп ойлаймын.
– «Мария», «Натали» деп ән шырқадыңыз. Енді «Наргизаға» көштіңіз. Қазақтың қаракөз қыздарына ән арнамайсыз ба?
– Шетелдің қыздарына арнап жатқан ештеңем жоқ. «Қарындасым», «Маралым» деген әндерім қазақтың құралай сұлуларына арналады. Жақында Тамара Асармен махаббат тақырыбында дуэт жаздырмақпын. Бірақ ән мәтінінде «күйем, сүйем» деген сөз жоқ. Тамара апамыздың жасы менен үлкен, сондықтан апалы-інілі болып орындаймыз. Сөзін Ринат Зайытов жазды, әні ақтөбелік сазгер Дулат Айтжановтікі. Заттыбек ағамен де дуэт орындасам деген ойым бар. Өз орындауымда «Отан» деген патриоттық, «Ағама» деген 3-4 әнім дайын. Қазір мен әннің сөзіне, мағынасына зер салып қарайтын болдым.
– Жанды жеріңізге тисе кешірім сұраймын, бірақ сұрамасам журналистігіме сын: осыдан үш жыл бұрын «Жұлдыздар отбасына» алғаш шыққаныңызда «мүлде үйленбегенмін» деп сұхбат бердіңіз. Сол сөзіңізден соң қызыңыздың жүрегі жараланды деп ойламайсыз ба?
– (Біраз уақыт ойланып отырып…). Алматыға алғаш келгенде жол сілтеп, ақылын айтар адам аз болды. Телеарна, газет-журналдарға «бойдақпын» деп бірауыз сөзбен құтылып жүрдім. Өйткені жаңа шығып, халық енді танып жатқанда өткенімді көп сөз қылмай-ақ қояйын дедім. Шынымды айтайын, бірақ кейіннен өкіндім… Мен ол жерде қызымды жасырған ештеңем жоқ. Қызымды ешкімнен жасырмаймын. Болған нәрсені Алла көріп тұрғанда мен адамнан жасырып не қыламын?! Кейіннен сұхбаттарымда айтып, әлеуметтік желілердегі парақшама суретін де салдым. Тағдыр солай болды… Қызымды жақсы көремін, оқыту-тоқыту менің құзырымда. Алла денсаулық берсе, қатарынан қалдырмай өсіруге тырысамын.
– «Әлемнің тілін таппайсың, әйелдің тілін таппасаң» деп Жүрсін Ерман айтпақшы, неге жарыңызбен тіл табыса алмадыңыз? Жолдарыңыздың екі айырылуына өнер себепші болды ма сонда? Әлде «Өкпелетіп алдым ба?» деп әндеткеніңіздей, жарыңыз өкпе артып кетті ме?
– Оның көкейіндегі адам мен емес екенмін. Менің ойымдағы адам ол емес екенін кейін білдім… «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дейді ғой, екеуміз сыйыса алмадық. Анадан-мынадан көретін ештеңесі жоқ. Құдайға шүкір, бұған өкінбеймін, өйткені алтындай қызым бар. Біреулер «Қайта қызың үшін қосыл» деп ақыл айтады. Бірақ бұл мүмкін емес жағдай. Қызымның анасына әлдеқашан «Екеуміз екі жолмен кеттік, енді қайтып қосылмаймыз. Тұрмыс құр, бала сүй» деп айтқанмын. Болашақта оған жақсы жар жолығып, дүниеге тағы да ұл-қыз әкелуіне тілекшімін.
(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының
№ 20 (230) қазан 2016 санында)
Сұхбаттасқан Айнұр ТӘҢІРБЕРГЕНҚЫЗЫ