Мөлдір «Тұрсынбекті бір көргеннен сезімім оянды дей алмаймын. Басында оның ұнамағаны рас. Ұзын бойлы, ап-арық, қап-қара жігіт болатын. Еркебұлан деген группаласым: «Сені бір жігіт ұнатып жүр» — деді. «Қойшы, кім ол?» — десем,  «КВН-де ойнайтын әлгі қара жігіт ше?» — деп айтқанда, «Е, ана жігіт пе? Ойбай, жоқ, келмесін!» — деп ат-тонымды ала қашқаным бар» деп еске алады екен.

Уақыт өте келе екеуі Конгресс-холда бір концертте жүздесіп қалады. Мөлдір Конгресс-холда оркестрдің домбырашысы еді. Танысқысы кеп айналшықтап жүргенТұрсынбек концерт болатын бір күні бар батылын жиып келіп, Мөлдірмен танысады. Сол танысқаннан кейін екеуі сегіз айдай жақсы араласады. Сосын бір жарым жыл қыз-жігіт болып қол ұстасып жүреді. Осылайша бір-бірлерін сағынып іздеп тұратын жағдайға жетеді.

«Мен жатақханада екінші қабатта тұратынмын. Ол кезде ұялы телефон жоқ. Тұрсынбек келгенін білдіріп, терезеге тас лақтыратын. Ол нағыз романтик болатын. Жатақхананың алдында үнді әндерін айтып, білеп те    беретін. Сол өнерін білетін білетін қасымдағы қыздар ол келген сайын, «Тұрсынбек, қане, ән шырқашы» дейтін. Ол ұялмай, образға кіріп 2-3 ән орындайтын.» — дейді Мөлдір.

3-курсты бітірген соң Мөлдір демалысқа ауылға кетейін деп, пойызға билет алады. Бірақ Тұрсынбек оны жібергісі келмейді. Алайда, Турсынбек сүйіктісін ауылына қимай шығарып салады.  Мөлдір үйге оралған соң, үй телефонына дамыл болмайды.

«Үйдегілерге айттың ба? мен сені алып қашамын. Бір ай дегенде әрең шыдадым, болды!» деп күндіз де, түнде де Тұрсынбек Мөлдірге тыныштық бермеген екен. Мөлдір киімдері салынған сөмкені үйден ақырын алып шығып кетеді. Еш хабар бермей кеткен Мөлдірді  үйдегілері іздеп біраз әбіреге түседі. Осылайша 23 шілде күні Тұрсынбек әнші Дос пенен  Мөлдірдің группаласы Еркебұланның көмегімен сүйіктісін алып қашады.

Өмірі шай құйып көрмеген  Мөлдір Оралға келін болып түскен соң шай құйғанда қатты қиналған екен. Ұзын устелдің бойында отырған қонақтардың кеселерін шатастырып аламын ба деп қорыққан екен.

Алғаш үй болған күндерінде жас жұбайылар қиын күндерін бастарынан кешіреді.

«Несиеге алған ең бірінші жиһазымыз – электрошәйнек. Оның несиесінен құтылған соң плита алдық. Қазір бір нәрсе сатып алсақ, ары кетсе бір күн ғана қуанармыз, сосын ұмытып кетеміз ғой. Ал ол кезде әр заттың қадірін білетінбіз. Үйленген кезімізде тұрмыстың тапшылығына қарамастан осы жігітке қайдан ғана шықтым деп өкінген емеспін.» — деген Мөлдір жанұялық тарихында таңбасы қалған сол күндерді сағынышпен еске алады.

Қазір он үш жылдық жұбайлық өмірлерінде сезімдерінде селкеу түспеген Мөлдір мен Тұрсынбек Әдемі, Айым, Айару сияқты үш қызғалдақтарын және Нұриман деген кенжелерін тәрбиелеп отыр.

photo_k-20150712-18-56245965-kalzhan_tursynbayev

Пікір қосу