-«Келін», «Шал», «Кенже» – бір-біріне жалғасқан трилогия. Келін – тарихымыз. Бірақ қазақтар туралы емес, екі мың жыл бұрын болған оқиға желісі. Шал – қазақтың бүгінгі күні. Басты рөлдегі кейіпкер – біздің қоғамымыздың символы. Неге біз өз елімізде адасып жүрміз? Бұл жердегі негізгі идея – осы. Бізде егемендік, экономикамыз да бар. Бірақ рухани жағынан адасып жүрген жоқпыз ба? Ал «Кенже» фильмінде екі ағайын бір-бірін ақша үшін атады. Біздің ертеңгі болашағымыз бұлыңғыр. Мен осыны көрсеткім келді. Қазақта бауырлар бір-бірімен жанжалдасқан емес. Бірақ біз соған келе жатырмыз.«Келін» – тау. Кешегі күніміз. «Шал» – дала. Бүгінгі күніміз. «Кенже» – қала. Бұл – болашағымыз.
-Менің білуімше, «Келін», «Жат» фильмдері «Оскарға» ұсынылды. Неге сіздің ғана туындыларыңыз «Оскардың» тізіміне ілінеді? Мұның сіз білетін айрықша «құпиясы» бар ма?
Нұржан, Алматы қаласы
-«Келін», «Шал», «Жат» – үшеуі де өткен жылы Қазақстан Республикасының атынан Оскарға ұсынылды. Мұның технологиясын сізге түсіндіре кетейін. Біріншіден, кез келген мемлекет Оскарға өз фильмін ұсына алады. Бізде белгілі қайраткерлер, киногерлер мүшелік етіп отырған Оскар комитеті бар. Оған менің еш қатысым жоқ. тіпті ол кеңесте отырғандарды танымайды екенмін. Сол комитет жыл сайын фильмдерге таңдау жасайды. Сөйтіп, өз ойларынан шыққан туындыларды «Оскар» сыйлығына ұсынады. Біздегі ол комитетті белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов басқарады. Мен ақша беріп, я болмаса таныс арқылы өз фильмдерімді ешқайда ұсынып жүрген жоқпын. Бұл сұрақты «Неліктен Ермек Тұрсыновтың ғана фильмдері Оскарға ұсынылады?» деп Сатыбалды Нарымбетовтен бастап, сондағы комитет мүшелеріне қойсаңыз болады.
— «Оскар» жүлдесіне ұсынылған Алехандро Гонсалестің «Выживший» фильмінің түпкі идеясы мен сіздің «Шал» киноңыздың идеясы үндесіп жатқан сияқты. Екі кинода да ұрпақ жалғастығы басты назарда ұсталады. Бұл режиссер шешімдерінің ұқсастығы ма, әлде мұндай қайталаулар киноөнерінде жиі болып тұра ма?
Ақмарал, Астана
— Кино өнерінде махаббат, достық, сатқындық деген секілді 37 ғана сюжет бар. Бүкіл өнер сол сюжеттің арқасында өмір сүріп жатыр. Жалпы, барлық фильмдер бір-біріне тақырып жағынан ұқсас. Бұл екі фильмде де табиғат, тұлға, қоғам көрсетілген. Екеуінде де – бір бағыт, бір сюжет. Әрине, салыстырмалы тұрғыдан қарағанда, ұқсастық байқалады. Ал адамгершілік, қатыгездік тақырыптары – бұлар мәңгі.
-Режиссер Рүстем Әбдірашев түсіріп жатқан «Мәңгілік ел» кино- фильмінің алғашқы серияларын сіз түсіретін болды деп естіп едік. Не себепті түсірілімнен бас тарттыңыз?
Дидар, ОҚО, Арыс қаласы
-Кинофильмнің он сериясын үш-үштен бөліп, режиссерлерге түсіруге тапсырған болатын. Солардың ішінде мен де болдым. Бірақ ойлана келе одан бас тарттым. Өйткені маман ретінде өз-өзімді сыйлайтын режиссермін. Күнделікті істеп жүрген жұмысымызды білеміз. Бір сағаттық фильмнің өзіне кем дегенде бір жыл кетеді. Сонау ортағасырлық тарихы бар туындыны жарты жылда түсіру, ол – авантюра. Кәсіби деңгейде оның сапасы төмен болады. Асығыс істеген дүниенің шалалығы көп. Халық осындай тарихи тақырыптағы фильмді сағынды. Ұлттық рухты көтеретін, ата-бабаларымызды көрсететін, жастарды тарихымызбен таныстыратын фильмдерге шөлдеп отыр. Ендеше, «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған фильмді салмақты көзқарас, ізденіспен бастаған дұрыс. Әрине, түсіруге болатын еді. Бірақ ол екі есе қымбатқа шығады. Ал бізде ондай қомақты қаржы жоқ. Фильмді өткен жылы 16 желтоқсанға дейін түсіріп біту керек болған. Бірақ үлгере алмады. Солай болатыны алдын ала анық еді. Ақша жетпейтінін де бәрі білді. Қазір жұмыс тоқтап тұр. Әйтеуір асығыс түсіріп жатыр, қалай шығатынын көреміз.
(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының
№17 (227) қыркүйек 2016 санында)
Жазып алған Анар ДӘУКЕН