ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барып, облыстық әкімдікте кеңес өткізді және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетке ие бірқатар ірі кәсіпорындарын тексерді, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары «ШҚО жүйе құраушы кәсіпорындарының жұмысындағы бірқатар проблемаларды орнында шешу үшін» өңірге министрліктер, ұлттық холдингтер мен компаниялар басшыларынан құралған делегация келгенін айтты.
«Өңірдің жүйе құраушы кәсіпорындарын дамыту, жаңа өндірістер ашу, жаңа жұмыс орындарын құру қажет. Экспорттық әлеуеті зор жүйе құраушы кәсіпорындардың қызметі – бұл Шығыс Қазақстанның ғана емес, жалпы еліміздің экономикасының негізі», — деп баса айтты А. Мамин. Кеңесте сондай-ақ облыс әкімі Д. Ахметов, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Қазцинк» ЖШС, «Kaz Minerals» басшылары сөз сөйледі. Олар өңірдегі және басқаратын кәсіпорындардағы ағымдағы жағдай туралы баяндады.
ШҚО ірі кәсіпорындары өнеркәсіптік тауарлардың 65% дейін қамтамасыз етеді.
Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы облыс экономикасының негізгі салаларындағы дамудың оң динамикасымен сипатталады. Өнеркәсіп өнімдері өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 143% өсіммен 1 трлн 62 млрд теңгеден асты.
ШҚО-ға жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Қазцинк» ЖШС, «ҚазРосПромАрматура» ЖШС өндірістік алаңдарын аралады және «АзияАвто Қазақстан» АҚ құрылыс алаңында болды.