«Жүз жылдық махаббат» қойылымында алаш арысы, ақын Мағжан Жұмабаевтың тар қапастағы өмірі, әділетсіздік пен көреалмаушылық туралы оқиға желісі баяндалады. 

Қойылымның басты кейіпкері Мағжан болғанымен, оның аяулы жары Зылиханың сахнада көбірек көрінуі заңдылық секілді көрінді. Себебі, халық жауы науқанымен екі рет ұсталып, қырық төрт жыл ғұмырының  он жылын қапаста, түрмеде өткізген ақынның қасіретті тағдыры спектакльде аяулы жары Зылиханың  естелігі арқылы беріледі.

4a9e179152ec90a4cda96fe6fc8d68b9-715x500

Сахна шымылдығы – Зылиханың көп кітаптарға толы үйі, оның дәл ортада үнсіз тұруынан басталады. Көп ұзамай Сәбит Мұқанов атындағы театрдың жас актрисасы Мадина Зылихамен кездесу үшін үйіне келеді. Өмірдің ащы дәмін татқан қарт ана Зылиха мен кейінгі буынның жас актрисасы Мадинаның арасындағы диалог өткен күн мен бүгінгі күннің проблемалары ұқсас екендігін дәлелдей түседі. Өмірге тереңнен қарайтын Зылиха сүргіні көп сұм заманнан гөрі, қулығы көп қазіргі қоғамға ренжиді. Оны «кеше ақынға тас атқан жандар бүгінде мағжаншыл болып алған» деп екіжүзділікті сынаған сөздерінен көруге болады.

  • Авторы: Д.Исабеков
  • Қоюшы режиссері: А.Кәкішева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
  • Режиссердің ассистенті: Б.Қажынәбиева
  • Қоюшы суретші: М.Сапаров
  • Киім  үлгісінің суретшісі: Б.Әбдіманапова
  • Композитор: Ш.Базарқұлова
  • Биін қойған: Г.Мұхамеджанова
  • Режиссердің көмекшісі: С.Гениярова

3ac4a5639d6425f9a48da90627da84fd-715x500Екінші бөлімде ақын Мағжан өнеріне тәнті болған жастар, Мағжан Зылиханың намысы үшін дуэльге шығуы, Сібір түрмесіндегі трагедия сипатталады. Сібірде жатқан Мағжанға Зылиха апамыз ай аралатпай жиі барып тұрғанда, Мағжан: «Жаным-ау, сен келмеші, бұлай түрмеге қайта-қайта келіп менің жанымды ауыртпашы» деген. Азапты бейнеттерден азып-тозған есіл ер адал жары алдында әлсіздігін көрсеткісі келмейді. Асыл жары дүниеден кетсе де, бүкіл ғұмырын оның кінәсіздігін дәлелдеуге, еңбектерін жинауға арнаған Зылиха анамыз бүкіл жастарымызға үлгі-өнеге болмақ.

Шындығында заманынан озып туып, соңына  өшпес рухани мол мұра қалдырған,   көрнекті ақын, Алаш ардагері  Мағжан Жұмабаев тағдырының ақтаңдақты тұстары аз емес. Өмір бойы Мағжан рухын ардақтап,  өзінің соңғы демі біткенше   ұлы ақын  жырларының кейінгі ұрпаққа жетуіне бар  күш-жігерін салған Зылиханың ұлы  махаббаты –  кейінгі сан ұрпаққа өнеге болып қалмақ.

 

Пікір қосу