Адамзат баласының өмірінің мәні де, сәні де – отбасын құрып, ұрпақ сүю. Ал бүгінгі жастарымыз шаңырақ көтеріп, бір басы екеу болуға асығар емес. Шындығында, асықпайды да. Бірі ‘‘Алдымен жағдайымды жасап алайын, сосын үйленемін’’, – деп қара басының қамын күйттеп жүрсе, енді бірі теңін таппай, әлек.
Театр – қоғам айнасы іспетті. Күнделікті өмір мен қоршаған ортада болып жатқан өзекті мәселелерді астарлап, күлкімен көкейге сан түрлі ой салады. Әсіресе, мен мұндалап, тайға таңба басқандай көрініп тұратын түйткілдерді таңдай қақтыра жеткізеді.
Шындығында, қазіргі уақытта сұр бойдақтар мен «Отырған қыз орын табар» демекші, кәрі қыздар тақырыбының төңірегінде айтылып та, жазылып та жүрген тақырыптар жетерлік. Ал «Үйлену» туралы сөз қозғаған қойылымның айтары мүлде бөлек. Ендеше, дворянға күйеуге шығуды армандаған көпес қызы Агафья Тихоновна жайлы сахналанған Н.В.Гогольдің «Үйлену» комедиясы хақында сыр шертсек.
Н.В.Гогольдің «Үйленуі» М.Әуезов театрында алғаш рет Н.Жантөриннің режиссерлігімен 1961 жылы қойылған. Ал жаңа қойылым – өздерінің байлыққа бас ұрған есепшілдігінен, өзімшіл таяздығынан өздері зардап шегіп жүрген, бірақ, онысын өздері сезбейтін адамдардың аянышты тағдырлары, мақтаны көп, мақсаты жоқ қоғам туралы әрі күлкілі, әрі мұңды.
- Авторы: Н.В.Гоголь
- Аудармасы: О.Қыйқымов
- Қоюшы-режиссер: В.И.Захаров
- Қоюшы-суретші : Е.Тұяқов, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері
- Режиссердің ассистенті: А.Кәкішова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
- Балетмейстер: Г.Мұхамеджанова
- Концертмейстер: Л.Алдиярова
- Режиссердің көмекшісі: Б.Әбдіков
Екі бөлімді комедияның қоюшы-режиссер: В.И.Захаров, рөлдерде: Агафья Тихоновна – К.Шаяхметова, Арина Пантелеймонова – М.Омарбекова, Фекла – Қ.Тілеуова, Подколесин – А.Боранбай, Кочкарев– Д.Ақмолда, Яичница – А.Бектемір, Анучкин – Ж.Садырбаев, Жевакин – Б.Қожа, Дуняша – Н.Бексұлтанова, Стариков – Б.Манжигитов, Степан – Ж.Толғанбай сынды белгілі өнер иелері сомдайды.
Ең алдымен пьеса адам үшін үйлену – оның өміріндегі маңызды оқиға екендігін көрсеткісі келгендей. Болашақ жарыңның тектілігінен бөлек, тұрмыс жағдайы мен әл-ауқатына, оқығандығы мен сырт келбетінің сұлулығына бәріне кезінде де мән бергенін дәлелдей түскендей. Себебі, комедия өздерінің байлыққа бас ұрған есепшілдігінен, өзімшіл таяздығынан өздері зардап шегіп жүргенін сезбейтін адамдардың тағдырлары жайлы, жалған мақтаншақтыққа толы қойылым.
Басты кейіпкерге барлығы оның үйленетіндігі туралы ести салысымен-ақ ол үшін маңызды осы оқиғаны бағалап, кейіпкердің өзін сыйлауға міндетті сияқты болып көрінеді. Салдарынан дворянға күйеуге шығуды армандаған көпес қызы Агафья Тихоновнаға танысуға келген күйеулер небір күлдіргі жағдайларда көрінеді. Қыз көруге келген күйеулер Подколесин, Яичница, Анучкин, Жевакин және Стариков. Сарай кеңесшісі, қызметкер Подколесиннің досы Кочкарев. Жеңгетай Фекла Ивановна. Осылайша қалыңдықпен танысу кезінде кейіпкерлер небір өнерлерін көрсетеді.
Үйленуге адамдардың көзқарасы, қорқынышы, күдіктері айқын көрініс табады. Қойылымда: «Оның машақаты неткен көп. Алдымен шiркеуге бару керек. Сосын ұл бала, кейiн қыз бала туады. Оларды тәрбиелеу керек. Қызды құтты жерге отырғызу керек. Ал егер оны кейiн күйеуi күн сайын тоқпақтап отырса, мiне сосын дүниенiң соры болады…» – деп ойлайтын Агафья Тихоновнаның бейшара кейпi ерiксiз езуiңiзге күлкi ұялатады. «Қайтсем де Подколесиндi үйлендiремiн?» – деп жанұшырып жүрген Кочкарев, «Олар менiң мазамды алады ғой. Маған жұмыс iстеу үшiн тыныштық керек қой…», деп қиналатын күйеу жiгiт Подколесиннің іс-қимылдары санаға сансыз сұрақ ұялатады. Шынымен де үйлену осыншалықты қиын ба?!
Көпес қыздың көңілін аулау үшін кейіпкерлер сан түрлі әрекетке барады. Анучкиннің арақ ішкендегі оқыс қимылдары, Жевакиннің биі, Дуняшаның қонақтарды күтіп алуы секілді сюжеттер қойылым барысын аша түскендей.
Ақыры соңында «Үйленсем бе, үйленбесем бе» деп басы қатып жүрген Подколесин пысық досы Кочкаревтің арқасында күйеу болып шыға келеді.
Шын мәнінде, комедияны сүйетiн көрермен үшiн Гогольдiң шығармалары таңсық болмаса керек. «Үйлену» спектаклi театрдың сахнасында бұрын да қойылған. Бұл жолғы ерекшелiгi кейiпкерлер ескi болғанымен, кейiпкерлердi сомдайтын актерлердiң жаңашылдығы. «Үйленудi» қазақ тiлiне тәржiмалаған – Омар Қиқым. Ал спектакльдiң режиссерi – В. Захаров. Захаров кейiпкерлерiне актерлердi тап басып тани бiлгендiктен, спектакль өте сәттi шыққан туынды деуiмiзге келедi. Бiр кездегi орыс дворяндарының бойындағы кемшiлiктердi өткiр әзiлмен, әжуамен түйрей бiлген Гоголь шығармасы әлi күнге өзектi болып отыр. Қазақ қоғамынан да кездесетiн мұндай олқылықтар спектакль барысында көзiңiзге оттай басылады. «Үйленудегi» Анучкин, Подколесин, Жевакин, Агафушка, Кочкарев ойындары сәттi шыққан. Тiптi есiктен «күйеу жiгiттердi» қарсы алып жүрген Дуняша рөлi де өзiндiк өрнегiмен ерекшеленедi. Спектакльдегi «жеңгетай» бейнесiн сомдаған Фекланың да өн-бойынан комедияға тән образды байқай алдық.
Алайда соңғы сәтте… Мың толғаныс пен қиналыстан кейін, қалыңдықтың көңілі түскен Подколесин өз бақытынан бас тартып, терезеден қашып кетеді… Иә, жар таңдаған қыз, бақытынан бас тартқан жігіт… Бір қарасаңыз, бүгінгі күннің болмысы секілді. Бірақ, өткен күннен сыр шерткен спектакль.