Ақан Сатаевтың фильміне түсуді армандайтынмын
Әділ, «Анаға апарар жол» фильміндегі cіз ойнаған Ілияс бейнесі бұрынғы кейіпкерлеріңізге мүлде ұқсамайды. Жалпы, Ілияс рөліне қалай келдіңіз? Режиссердің сізді басты рөлге бекітуінің себебі неде?
Бұл фильмнің алдында мен «Қара шаңырақ» сериалына түскен едім. Сол кинода кастинг- директор қызметін атқарған Жанна Әбдиева: «Алла қаласа, Ақан аға көптен бері армандап жүрген «Анаға апарар жол»деген фильмін түсірмекші. Жарты жылдан кейін соған дайындықты бастаймыз», – деген болатын. Сонда «Шіркін-ай, сол киноға мен де түссем жақсы болар еді» деп іштей ойлағанмын. Арада біршама уақыт өткен соң Инстаграм желісінен көптеген әріптестерім осы фильмнің кастингіне қатысқандарын айтып, суреттерімен бөлісіп жатты. Оның ішінде Нұрлан Әлімжан, Аян Өтепберген, Еркебұлан Дайыров сияқты кілең танымал актерлер бар еді. «Мені де кастингке шақыратын шығар» деп үміттендім. Расында да бір күні кастинг-директоры Жанна Әбдиева телефон шалып: «Біз Алматыдағы актерлердің барлығын кастингке шақырып, өнерлерін көрдік. Сені мұнда алдырып әурелемес үшін фильмге қатысты тапсырмаларды электрондық поштаңа жібереміз. Сен соны видеоға түсіріп, бізге қайта жібер», – деді. Сонымен Данияр Оразақ деген актер оператор «қызметін» атқарып, телефонмен видеоға түсірді. Ал Айым Жүсіпова деген әріптесім Үміттің рөлінде ойнап берді. Сөйтіп, сенарийдегі төрт сахнаны түсіріп, пошталарына жібердік. Арада біраз уақыт өткен соң Жанна Әбдиева хабарласып: «Видеоларыңды Ақан аға көріп, ұнатты. Сені енді видеосынаққа шақырамыз», – деді. Айтқан уақыттарында Алматыға барып, видеосынаққа қатыстым. Ол кезде тағы да үш-төрт сахнаны түсірдік. Біршама уақыт өткеннен кейін Жанна басты рөлге өткенімді сүйіншілеп хабарлады.
Режиссер Ақан Сатаевпен жұмыс істеу сізге қандай әсер сыйлады?
Ақан Сатаевпен жұмыс істеу әрбір жас актердің арманы деп ойлаймын. Ол кісінің ең алғашқы туындысы –«Рэкитер» фильмін көргенде-ақ режиссерлігіне тәнті болғанмын. Сол кезден бастап Ақан Сатаевтың фильмдеріне түсуді армандағанмын. Кейін ол кісі «Жаужүрек мыңбала» фильмін түсірді. Сонда батырлардың атқа мініп, жауға шабар алдындағы көрінісіне түстім. Одан кейін «Рэкитер 2» де қысқа эпизодта ойнадым. Ал «Анаға апарар жол» фильмінде басты рөл маған бұйырды. Жалпы, Ақан ағамен жұмыс тәсілі маған ұнайды. Өйткені ол кісі әрдайым актерлермен ақылдасып отырып жұмыс істейді және актерге еркіндік береді. Тағы бір айта кетерлігі, осы жолы актерлерге барлық жағдайды жасады. Түсірілім кезінде актерлер жаурап қалмасын деп жамылғымызға дейін дайындап, жаңбырлы күндері қолшатыр да дайындап берді. Саған осылай көңіл бөліп жатқанда ынта-шынтаңмен ойнауға тырысады екенсің. Әрі осындай құрметтен кейін әрбір актер үлкен жауапкершілікті сезінді.
Бір сұхбатыңызда «Мен бұл рөлге бекітілген күннен бастап, фильмнің аяғына дейін Ілияс болып өмір сүрдім» деген екенсіз. Сізге Ілияс болып өмір сүру қаншалықты ауыр болды?
Мамандығымыз актер болғаннан кейін сценарийді оқыған кезде-ақ өз рөлімізді қалай ойнау керектігін түсінеміз. Әрі кейіпкерімізді көз алдымызға елестетіп, оның ішкі көңіл-күйін, сыртқы түр-тұлғасын қалай беру керектігін ой елегінен өткізіп үлгереміз. Фильмдегі Ілияс рөлі маған соншалықты қиындық тудырды деп айта алмаймын. Бірақ үлкен жауапкершілікті сезіндім. Сондықтан көп ізденуге тура келді. Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын оқып, Кеңес Үкіметі кезінде түсірілген біраз киноларды көрдім. Ақан ағаның өзінен де «Қандай кітаптарды оқуға кеңес бересіз? Қандай киноларды көргенім дұрыс?» деп кеңес сұрап тұрдым. Ол кісі: «Мұрағатта сақталған хроникаларды, таспаларды, деректі фильмдерді көрсең, жақсы болар еді. Өйткені сол кездегі адамдардың көзқарасын, киім киісін, тіпті темекі шегісіне дейін барлығын бақылап, зерттеуің керек», – деді. Сөйтіп, мен олардың киім киістерінен бастап, шаш үлгілеріне дейін зерттеп, ерекше қызығушылықпен жұмысқа кірісіп кеттім. Түсірілім барысында әрине қиындықтар болады. Әсіресе, атыс-шабыс кезінде бізге көп еңбек етуге тура келді. Әрі осы сахна мені көбірек қызықтырды. Бұл көріністі түсіретін кезде актерлер аянып қалмады. Ататын жерде атып, құлайтын кезде құлап, жүгіретін жерде жүгіріп, секіретін кезде секіріп дегендей, барлығымыз қызығушылықпен қызу жұмыс істедік.
Төбелеске, қарумен жұмыс істеуге бұрыннан икеміңіз бар ма еді?
Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында «сценический бой» деген сабақ өтетін. Сол сабақта актер жарақат алмай, қалай құлау керек? Қалай қарумен жұмыс істеу керек? Қалай төбелесу керек? Міне, осының барлығын үйретті. Кейін де бірнеше киноларда каскадерлермен бірге талай жұмыс істедік. Мәселен, «Парыз», «Қара шаңырақ» сериалында және «Жаужүрек мың бала» фильмін түсірер кезде бір жарым ай саябақта каскадерлермен арнайы дайындалдық. Сонда атқа мінуді, қарумен жұмыс істеуді және төбелес тәсілдерін үйрендік. Сол тәжірибенің барлығы «Анаға апарар жол» фильмінде де өз көмегін тигізді. Бұл жолы біз Ресейдің, Украинаның және Қазақстанның каскадерлерімен жұмыс істедік
Ілияс фильмде үнемі анасының, Үміттің суреттерін салады. Бұл көріністе сізге арнайы суретшілер көмектесті ме?
Иә, арнайы суретшілер көмектесті. Негізі, өзімнің де аздап сурет салатын өнерім бар.
«Анаға апарар жол» фильмін бес рет қайталап көрдім
Ілияс үнемі біреулерге көмектесемін, жақтасамын деп жүріп өз басына бәле тауып алады. Осындай көріністер арқылы нені көрсеткілеріңіз келді?
Мұнда біз қазақ халқының мінезін көрсеткіміз келді. Қазақ жесірін жылатпаған, жетімін қаңғыртпаған халық қой. Әр қашанда жанындағы досына, көршісіне көмектескісі келіп, біреу сүрінсе қолтығынан демеп, қолұшын беріп, қамқорлық танытатын халық. Біз бұл кино арқылы халқымыздың осындай асыл қасиеттерін көрсеткіміз келді. Жалпы, фильмнің басты идеясы да сол. «Қазір біздің бойымыздан осындай қасиеттер жоғалып бара жатқан жоқ па?» дегендей ата-бабаларымыздың төзімділігін, шыдамдылығын, қайсарлығын, жүрегінің кеңдігін, жанының тазалығын бүгінгі ұрпақтың есіне түсіріп, көрсетейік деген мақсат болды. Мәселен, қыз баланың арын сақтауы, ер жігіттің Отанына, анасына деген махаббатын фильмде астарлап болса да көрсеткіміз келді. Фильмнің атауы «Анаға апарар жол» болғанымен, мұнда қазақ ұлтының тағдыры, өмірі туралы айтылған. Мәселен, Ілияс жайлауда дүниеге келеді, кейін ес біле бастағанда қабырғалы үйге көшіп кіреді. Одан кейін жер аударылып, ашаршылық заманды да басынан өткереді. Өзінің елінен алыстап, орысша тіл сындырып, тіпті есіміне дейін Илюха болып өзгеріп кетеді. Бірақ сонда да кейін өз еліне, Отанына, анасына оралады. Яғни мұндағы Ілияс образы – қазақ халқы. Қазақ халқы да осындай қиыншылықты көрді. Мұндағы Ілиястың анасына қайтуы – халқымыздың түп тамырына қайтқаны әрі өзінің бабадан қалған болмысына оралуы, оның басты кепілі егемендік алуы. Режиссер бізге фильмнің идеясын осылай түсіндірді.
Фильмде Ілияс көптеген қиындықтарға жолығады. Бірақ сіздің жүзіңізден күйзеліп қамыққаныңызды, қиналғаныңызды байқай алмадық. Бұл режиссердің тапсырмасы ма? Әлде рөлге тереңдеп кіре алмадыңыз ба?
Ілияс – қазақтың жігіті. Қазақ жігіттерінің қиналып жылағанын көріп пе едіңіз? Біз Ілиястың қиындыққа шыдамай, орта жолдан рухының сынғанын, жылағанын көрсеткіміз келмеді. Әрине, ондай сахналарды да көрсетуге болар еді. Мұндай көріністі ойнау да бізге аса қиындық туғызбас еді. Бірақ режиссер де, біз де оны қаламадық. Керісінше қазақ жігіттерінің қайсар мінезін, өр рухын, шыдамдылығын, төзімділігін көрсеткіміз келді. Жалпы, қазақтың жігіттері қандай қиындыққа тап болса да көзіне жас алып, жыламаған. Қандай ауыр тағдырларды басынан өткізсе де ішіне сақтап, сыртқа сыр білдірмеген. Қазақ хал сұрасқанда да «жақсы» деп жауап береді ғой. Ешкімге жағдайын айтып, мұңын шақпаған. Фильмде режиссер осы жағын көрсеткісі келді.
Актердің өз рөлін сәтті ойнап шығуына қасындағы партнерлерінің де ықпалы зор деседі. Осы тұрғыдан алғанда өзіңізбен бір сахнада ойнаған актерлерге көңіліңіз толды ма?
Әрине. Мен Алтынай Нөгербекпен, Аружан Жазылбековамен бір кинода ойнағаныма өте қуаныштымын. Әсіресе, Аружан Жазылбекованың өнеріне тәнтімін. Бұрын екеуміз «Цена свободы» деген фильмге түскен едік. Сол кезде-ақ Аружанның актерлік шеберлігіне сүйсінгенмін. «Анаға апарар жол» фильмінде де Аружанмен партнер болғаныма өте қуандым. Өйткені өзіңіз айтпақшы, актер рөлінің жақсы шығуы серіктесіне тікелей байланысты.
Өзіңіз фильмді көрдіңіз бе? Фильмді экраннан көргеннен кейінгі әсері қалай болды?
Фильмді бір емес, бес рет қайталап көрдім. Өзім осы кинода ойнасам да фильмді жыламай көре алмадым. Мұнда өзімнің актерлік шеберлігіме тәнті болғандықтан жылаған жоқпын, ата-бабаларымыздың өмірдің талай қиындықтарынан, сынақтарынан сүрінбей өткенін сезініп, көзіме жас алдым. Ананың баласына деген махаббаты, сезімі, мейірімі… Осының барлығы жүректі тебірентті.
Киноның соңына қарай Ілиястың ересек жасын да ойнадыңыз. Бұл сізге қиын болмады ма?
Жастық шақты ойнау аса қиын болған жоқ. Өйткені өзіміз де жас болдық. Ал ересек жасты ойнау тағы да ізденісті талап етті. Оның жүрісі қалай болу керек? Көзқарасын, қимыл-қозғалысын қалай жеткізсе нанымды болады? Осының барлығын зерттедім. Қолымыздан келгенше ересек жасын да табиғи ойнауға тырыстым. Мұнда грим жасайтын қызметкерлердің еңбегін ерекше айта кету керек. Олар өз жұмыстарын мінсіз атқарды.
Сұхбаттасқан Самал ӘДІГЕНҚЫЗЫ